Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
06.09.2022
127
Өмір қысы
Есімде әлі бас көтерген қырдан гүл,
Кез болатын көктем келіп, тұнған нұр.
Шашбауыңа қадап едім үзіп ап,
Жаңа шыққан қызғалдағын қырлардың.
Ән сап өткен жыл құстары төбеден,
Қанатымен бізді ұшуға жебеген.
Дәл сол сәтте қандай күйге ендік біз,
Біздер бақыт тапқан едік о, неден?!
Маусым жылжып...
Сүрең қайта қыс жетті,
Бүршік жарған көктем, жаздан түс көшті.
Ағаштарда жапырақтан жұда боп,
Ән сап келіп,
Зар сап қайта құс кетті.
Гүлзарыңды қар астына жерледің,
Анық енді сені қайта көрмеуім.
Көктем болдың,
Қысты қайта талдадың,
Махаббаттың төрт маусымын көрмедің.
Мына ғалам жұтаңдады қыс торлап,
(Жылулықты жүргенімде мысқалдап).
Табиғат қой, қойшы, оны жазғырман,
Айланбайды бізге алайда ұшқан бақ...
11 қараша 1999жыл
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter