Өлеңдер ✍️
Қара тастағы елес
Марқұм досым Өнерхан Тілеуханұлына
Бұл жалған жанды мұңға малып алып,
Барады көзден жасым зарыға ағып.
Тәу етіп қайтқалы қара тасқа,
Жалғыз тұрмын, сені еске ап, тағы барып.
Шығармай адымды алға құмды белес,
Әйтеуір жетелейді бұлдыр елес.
Білмеймін ми ішінде туып жатыр,
Бітпейтін өршеленіп қырғын егес.
Армандар кетті менен алыс қашып,
Түнерді көңіл-көгім қара ыс басып.
Жақыннан жәрдем сұрап барғанымда,
Антұрған кетті маған қан ұстатып.
Қалың жол адастырды, қалас қылды,
Тағы да бір басыма талас мінді.
Кей досым өрлегенде етектен ап,
Дұшпаным түсірер ор қарастырды.
Сен неге тіл қатпадың кетеріңде,
Бекіндім сендік жүкті көтеруге.
Қиын-ақ сендей достың табылмағы,
Бәлкім мен жалғызсырап кетемін де...
Меңіреу, айналамда ештеңе жоқ,
Қара тас салды маған көптеп елес.
Тентіреп келемін-ау тіріні іздеп,
Алайда бәрі саған жеткен емес.
Жас жуып сора-сора бетті айғыз,
(Пендеміз, жоқ нәрсені көп сұраймыз).
Жалғыздық жанға батты...
Мен келерде
Зарлы ән сап қара тасқа кетті байғұз.
Таба алмай нағыз досты сұм өмірден,
Сен кеткелі келемін құм өңірмен.
Егілем...
Сар сағыныш...
Тасты құшып...
Доспын мен сенің ғана тілегіңмен.
Біз едік қара таста сыр шертетін,
Кеттің-ау кезбей өмір тұмса өлкесін.
Керуен – тау мініп едік...
Екеуімізге
Даяр ғып шығаруға тұрса өркешін.
Жүргенде боз тұманға бас қамалып,
Келемін шанағымды жасқа малып.
Қалмады мына күнде доста нарық,
Тұрлаусыз дүниеден түңілгенде,
Жылаймын...
Мұң шағамын тасқа барып...
9 қараша 1999 жыл
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter