Өлеңдер ✍️

АУЫЛҒА ЖЕТЕМ АСЫҒЫП...
Асығып жетем ауылыма туған жылда мен,
Сағынып кетем суларын аққан жылғамен.
Көрінер болса қыратты жері, ойпаты,
Жаныма шуақ төгеді менің нұрлы әлем.
Құшағын жайып шығады үйден қарт анам,
Тәттісін қойып алдыма, алып қалтадан.
Кемсеңдеп кетер, жиірек тартып иегі,
Жүзі бір жылып, түскендей жүгі арқадан.
Ауылым жатыр сайымен екі бөлініп,
Бейіті бөлек сыртында көзге көрініп.
Өтіп те кеткен уақыттың бар ма іздері,
Анамыз қыз боп, әкеміз құрған серілік.
Армысың, ауыл, ағайын-туыс, көз көрген,
Елімде кім бар, жаңалық қайсы өзгерген?
Қанатты қиял, үкілі үміт өлеңім
Өзіңмен бірге осынау бала кездерден.
Балалық шақтың куәсі болған ел, мекен,
Сағынышым көп саған да менің дер ме екен?
Көк майса жерің, Шағала көлің көрікті,
Кіндігімді менің қалайша сенен бөлді екен?
Бөлініп кетіп, көрініп кетіп жүремін,
Қасиетім бойда дарыған сенен, білемін.
Өзіңе қарай тартады тылсым күш мені
Кеудемде тынбай соғып тұрғанда жүрегім.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇