Өлеңдер ✍️

  06.09.2022
  86


Автор: Дихан Қамзабекұлы

МҮНӘЖАТ МҰҢ

Тілек қып мұң шағамын бір Құдайға,
Өзіме бос отыру тіпті ұнай ма?
Дедім де Мыңшұқырдың қақ басында,
Қолыма қағаз алдым ойлау сайда.
Көзіме өткен өмір елестеді.
Мол қызық ортасында емес пе еді?
Дегендей қиял билеп жоқтау айтты,
«Бұ-дағы саған ермек кеңес» деді.
Себепкер барлығыңа атаң қайда?
Еркелеп алатұғын батаң қайда?
Қайтсем де көтереді назымды деп
Қорқытқан қабақ түйіп анаң қайда?
Сыйласқан өте тату елің қайда?
Тарқайтын сырласқанда шерің қайда?
Қарт шеше, үлкен аға, құрбы-құрдас,
Қадірлі іні-жеңге, келін қайда?
Серігің көңіл тынған қатын қайда?
Туысқан бір атадан жақын қайда?
Ауылдас, жақсы көрер ағайының,
«Халпе» деп таңдайлары тақылдай ма?
Отырған емін-еркін күнің қайда?
Қызықтап еркелеткен ұлың қайда?
Ләззаты жүрегіңде қайнап сіңген,
Өстірген әлпештеумен қызың қайда?
Ордалы мекен еткен үйің қайда?
Мәз болып масаттанған күйің қайда?
Ұстаған қолда Құран үйер етіп,
Аңдайтын оқығанда миың қайда?
Айтатын жұртқа үгіт хадис қайда?
Талқылап, ұғындырған мәніс қайда?
Аударып ана тілмен түсінікті,
Орайлы сөйленген сөз жатыс қайда?
Құлшылық орын болған мешіт қайда,
Жиналып мұң шағатын бір Құдайға?
Сан соғар әр адамға кездеспек қой,
Немене өкінгенмен жоқты пайда.
Айтатын жұмсақ сөзбен үгіт қайда?
Шырайлы сөйлегенде көрік қайда?
Жұқарып сүйек ет боп мұқап қалды,
Қайратты бұрынғыдай берік қайда?
Қарайтын неше түрлі кітап қайда?
Қаламға жорғалайтын қолың мәйда.
Бір адам сүйсінбеген қалмасын деп,
Сайрайтын бөгелместен тілің қайда?
Ғұлама порымында киім қайда?
Тарқатқан қызықтаумен жиын қайда?
Бір жанды үйге келген алаламай,
Тағамын даяр қылған күйің қайда?
Соятын қонақ келсе қойың қайда?
Айт деген, жұма деген тойың қайда?
Өзіңше тәрбиелеп ұстайтұғын,
Тазалап кір жуытпас бойың қайда?
Шат болып күлетұғын күлкі қайда?
Әсерлі ұтымды сөз төркі қайда?
Жарасып өз орнымен тұратұғын,
Белгілі мешіт үйдің мүлкі қайда?
Жайнамаз, кілем, сәлде – түгел қайда?
Дін жақтап, көмектескен нүгер қайда?
«Сен өлсең, біз де өлеміз» дегенді айтқан,
Кешегі жанқиярың бүгін қайда?
Дін үшін не бар дейтін мықты қайда?
Сол себепті көрдік дер соққы қайда?
«Жан сала қимылдайтын мезгіл еді»,
Деп айтып көздемейік бастық пайда.
Жалғыз басың, міне, тұр, жолдас қайда?
Жалғыздық жарасып ед бір Құдайға.
«Ойлаушы, жоқтаушылар қалды жетім,–
Бар айтары жүр екен,– халпем қайда?».
Аңсайтын шер тарқайтын жұма қайда?
Сөйленген дүние ахирет түгел пайда.
Айтып-айтпай немене болмас келді,
Кездескен уақыт шығар қайда-қайда.
Бұл тағдыр, міне, басқа қалды орнап,
Мейірім салып аясын Тәңірім қорғап.
Бір мен емес не ғазез қанша затты,
Бәрінде қойды тұрмыс мықты торлап.
Соның бірі мен дағы түстім торға,
Жалғыз-ақ бар шаттығым еркім қолда.
Тау мен тас, бұта төмпей бетке ұстаған,
Кездескен уақыт болды қалың сорға.
Мұңды ойласам мұңайып жабығамын,
Егіліп көзден жасым қамығамын.
Ауыр тұман, зор қайғы басып кетіп,
Шатасып бар тапқаным аһ ұрамын.
Сол уақыт төңірекке салам көзім,
Ойға алып Жаратқанның жалғыз өзін.
Азырақ мұңым тарқап айығамын,
Түйінін шешуге ойлап мына сөздің.
«Мен не үшін кездестім бұл мехнатқа,
Қылмысым өте ауыр, ісім жат па?
Не ұрлық, не қиянат, не сұмдықпен
Болмаса абырой мен зор атақ па?
Жоқ-жоқ, өзің ойлашы саусың бұдан»,
Дейді ойым, «Тарқатуға бастан тұман.
Жалғыз дінге басшылық жазаң осы,
Табанды тіреп қалдың мығым соған».
Сонда көңілім тынады «Е, бұл болса,
Бұл үшін жылап көзім қанға толса.
Мен ыразы тағдырға, мың шүкірлік,
Жүдеп, арып ақ жүзім оңса, солса».
Деймін де өз-өзімді жұбатамын,
Баладай алдандырған уатамын.
Мұндай ойда болуым – о да бақыт,
Қайтер ем табылмаса уатарым?


1931 ж., әпірелдің 2-сі




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу