Өлеңдер ✍️
ӨМІРІМЕ ӨКПЕМ
Сұм өмір, сұм дүние алдады ма?
Тән арып, тамырда қан қалмады ма?
Жалған үшін жан қинап, жапа шеккен,
Еңбегің екі болып жанбады ма?
Жайшылықта жан қиған жақын дүние,
Талып тұрсаң назарын салмады ма?
Ортекедей орғытып отқа шығып,
Жалмауыз, жауыз жалған жалмады ма?
Арсыз нәпсім армансыз арандатып,
Қайырымсыз қанжығасын қандады ма?
Қомағай, қорқау ажал қойнын ашып,
Қапа менен қайғыға қан жалғады ма?
Алдадың, алжастырдың, аңғырттандым,
Ақылсыз, аңқау басым аңдадың ба?
Қимас досты қыспақта жылаттың ба?
Қайғымен қан жұтқызып сұлаттың ба?
Қасіретті қасапшының ешкісіндей,
Құрым іліп, құдыққа құлаттың ба?
Құбылдың, құйқылжыдың құртқа дүние,
Қызықпайын десем де шыдаттың ба?
Ар, ұят, адамдықты арам қылып,
Бәрін саған жұмсадым қуанттың ба?
Сен үшін жақынымды жат қылып ем,
Қайырылып, қам көңілімді жұбаттың ба?
Өзім деген жан достым өзің билеп,
Балапандай баламды шулаттың ба?
Балдай деген балдырған балға болып,
Сүйгенім сүйегімді уаттың ба?
Жазықсыз жаламенен жандырдың ба?
Ескермей мені есімнен тандырдың ба?
Мелшиген мейірімсіз меңіреу дүние,
Алдап ап, айызыңды қандырдың ба?
Қазынаны ұрлаған қарақшыдай,
Бас салып басқа байлау салдырдың ба?
Жау тонаған адамдай жаудыратып,
Азаматтық арымды алдырдың ба?
Есекке артқан жүн-жұрқа қостай болып,
Қалашының итіндей қаңғырдың ба?
Кетеріңе келгенде, кеззеп дүние,
Түлкідей құйрығыңды шалдырдың ба?
Айлық азық тастамай айдарлыма,
Жұрдай қылып жұртыңды қалдырдың ба?
Мінекей, жетті көзім иландың ба?
Адалқан албырт басым миландың ба?
Қапаста қан азайып, қажыр мұқап,
Қаласпен қараңғы үйде сыйландың ба?
«Халу-бәлә» дегенді хатқа жазған,
Сертіңнен сергек тағдыр таймадың ба?
Әзелде алысқа ұшқан дәм мен тұзым,
Жерлерге топырақ ұшқан айдадың ба?
Тәуекел, тасқа қондым, Тәңірім сақтар,
Деген жанмын құнымды Құдай жоқтар.
«Адам басы – Алланың құлы» болса,
Дағдардым табандатып тиді шоқпар.
Жалындым, жанталастым, жалбарындым,
Қылмады ешбір рақым Тәңірім сақтар.
Мақбұздың тақтайына жазған жұмыс,
Бұйрықты жерлеріне барып тоқтар.
Басқадан менің жаным бағалы ма?
Талай жан тап жолында болды көкпар.
Қиядан сөз табатын ақын бар ма?
Тыңдайтын бойы балқып нақыл бар ма?
Есіл сөзім есепсіз босқа кетсе,
Обалы жаулығы жоқ қатындарға.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter