Өлеңдер ✍️

  06.09.2022
  210


Автор: Дихан Қамзабекұлы

АЛА БОЛСА АҒАЙЫН

Ала болса ағайын,
Мінезде болмас тағайын.
Туысқан болса ақылсыз,
Кіре ме қайрат жақынсыз?
Жау болғанда маңайың!
Жалшың жүрсе жалқаусып,
Сырттан ұрлап аңқаусып.
Жанама көршің және қас.
Көңілі ояу, өзі мас.
Үйіңді үптер малайың.
Қатының болса қабаған,
Не болады сабаған?
Келінің тұрса кердеңдеп,
Балаң жүрсе ербеңдеп –
Нешік ылаж табайын?
Тоқалың тұрса тоңқылдап,
Оқпаны толмай қоңқылдап;
Абұйырдан адасса,
Әркімменен жанасса,
Оны қайтіп бағайын?
Жолдасың жүрсе жортақтап,
Дұшпаныңмен ыржақтап;
Алған күні разы,
Қалған күні наразы,
Оған қайтіп нанайын?
Жаным менен қаным қас,
Нәпсім – семіз, тәнім – мас,
Ақыл қарар таба алмас,
Абыройға кім жолдас?
Қайдан тауып алайын?
Жасаған Алла, жол берсең,
Жол білгенге қол берсем.
Ақ жолына мен көнсем,
Тәубәменен және өлсем,
Күл болып, күйіп-жанайын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу