05.09.2022
  879


Автор: Кенжебек Сержанұлы

ЖАН ӘКЕ ПЕЙІШТЕ РУХЫҢ ШАЛҚЫСЫН!

Уақыт, шіркін, зымырап барады. Асқар таудай жан әкем Сержан Әнуарұлының мезгілсіз фәниден бақилыққа аттанғанына да 40 күн болып қалыпты...
40 күн... Осы күндерден бері мен үшін әкесіз ғұмыр, әкесіз уақыттар басталды. Бәрі кеше ғана сияқты еді. Бұрынғылар айтпақшы, ештеңе де мәңгілік емес екен. Ол сөздің төркінін енді ғана ұққандаймын. Мен үшін енді әкесіз мейірім, әкесіз қамқорлық, әкесіз жалғыздық басталып барады. Дәл айтсам, қыркүйек айының 4 күні асқар тауымдай жан әкешім өмірден өткен қаралы күн еді.
Жазғы демалысымның бітер аптасы жағындаған тұста сырқаттанып жүрген әкешімді Ақтөбе облысының ауруханасына екі бүйрегіне ота жасатып, аппарт құралын қою үшін алып кетіп еді. Үй-іші, туған-туыстар болып Алладан сәтті өтуін тілеумен болдық. Оқу жылы басталып мен Астанаға 2 курсымды жалғастыруға кеткенмін. Студенттік кезеңнің 2-ші парағы басталған шақ. Дәл бір жыл бұрынғы оқуға келгендігіміз, әр нәрсеге таңырқай қарап жүрген кезімізден сәл болса да еңсеміз көтеріңкі, бәрін жаттап алғандай түрдеміз.
Қыркүйектің 2-сі күні Ақтөбедегі үлкен апам қоңырау шалып, Ақтауға ұшақпен жедел келуімді өтінді. Қорқыныш сезім жүрегімді жаулағандай. Бір нәрсе болғандай ақ, жүрегім сезумен болды. Екі күн бұрын Ақтауға әкемді алып келгенін, жақсы деп хабар алған болатынмын.
«Нар тәуекел барсам барайын, әкемді өз көзіммен көріп келейін» деген ниетпен оқудан сұранып, айтқандай келесі күнге ұшаққа билет алып, Ақтауға ұшып келдім. Әуежайдан туған бауырым Берік ағам күтіп алып, үйге келдік. Келсем үйде әкемнің туған нағашысы Күбірбай деген атамның баласы Рәжем ағам, анамның туған жеңгесі Қанымша т.б. туған-туыстар жиналып қапты. Бәрімен емен-жарқын амандасып, алдымен басты бағыт әкемді көруге асықтым. Арғы бөлмеде бөгде біреулердің даусы гүрл-гүрл естіледі. Әкемді көрмей жүрегім орнына түсер емес, әйтеуір жүрегім бір нәрсе сезумен әлек. Түрегеліп әкем жатқан бөлмеге беттедім. Жанымда туған ағаларым еріп келеді. Бөлменің тұтқасын ашқаным сол еді, жүрегім шаншып, әкемнің түрлі құралмен әзер демалып жатырғанын, жанында бір топ әкемнің інілері отырғанын көріп, сол бойда есімнен танып құлап қалыппын.
Құдай Тағала адам баласына қандай сынақ жіберсе, амал нешік, көнбеске шараң жоқ екен. Бұл жарықтық фәни сынаққа толы болумен өлшенері сөзсіз. Әкемнің хәл үстінде жатқанын көргенде шыны керек, өмір мен өлімді тең таразыда көргендей сезіндім. Бұл өмірде ештеңе мәңгілік емес екен.
Келген күні мен әкемнің жанында болдым. Жарықтықтың осындай хәлге түскенін көргенде жанарымнан жас тоқтаусыз аға берді. Алаш нешік, келген күні көзін ашып жан-жағына қарайлаған сәтінде менің келгенімді сезіп қолымды алып үнсіз қараумен болды. Шыны керек туған әкешімнің хәл үстінде жатқаны ет жүрегімді езіп, көзіме еріксіз жас келе берді...
Әкемнің хәл үстінде жатқанын естіген бойда алғашқылардың бірі боп мұрсатта келген бала кезден бірге өскен құрдас-досы Тілеген ағаның көзіне жас алғанын көргенде тіпті жүрегім езіліп кете жаздады. Бала шақтан болашаққа бірге аттанып, талай қызықты кезеңді бірге өткізген, ендігі сәтте досының осындай хәлде жатқанын көргенде Тілеген аға қатты езіліп, әкемнің жанында үнсіз ғана отырумен болды.
Әкемнің көңілін сұрау үшін кезек-кезекпен келіп жатырған туған-туыстар легі жетерлік.
Азғана тарихқа тоқталсам. Әкем Сержан негізінен өз туған әкесі Әнуар Салтанатұлынан 3 жасында жетім қалып, тағдырында әке мейірімінсіз ержетті. Атамыз Әнуар Салтанатұлы соғыс жылдарында өлкенің халық-ағарту саласында айтарлықтай еңбек етіп, броньмен ауылда қалып, Форт-Шевченко мен Таушықта орта мектептерде балаларды оқытқан екен.
Бірде әкем қай жылы екені жанымда жоқ, Таушыққа өзі туған жеріне көрсетуге алып барған. Мен ол кезде 13-14 жаста едім. Таушықтағы соғыс жылдарында жұмыс істеген ескілікті белгісіз ғимарат үйлері бар, қазіргі парктің жанында 1 қабаттық ұзын жер үйде дүниеге келгенін көрсетіп еді.
Атамыздың әкесі Салтанат ишан Әлжанұлы Форт-Александорвскте қазақ мешітінде 1920-1938 жж. аралығында имам болып, санаулы ғұмырын дін жолына арнаған жан екен. Салтанаттың әкесі Әлжан Баймырзаұлы да Маңғыстаудағы Қосай руынан шыққан атақты екі хазіреттің бірі. Белгілі жырау Сәттіғұл Жаңғабылұлының «Алты арыс Қосайға арнау» жырында Әлжан хазірет туралы кеңірек баяндалады. Әлжан хазіреттің туған інісі Оспанның ұлы Зұлқаш Баймырзаев (1898-1938) қазақтан шыққан тұңғыш ихтиолог - ғалым, Мәскеу, Керчь, Қырым елдерінде Балық өнеркәсібінде жоғарғы лауазымды қызмет атқарған мемлекеттік қайраткер. «Сержан» деп әкемнің есімін қойған Зұлқаш атамыздың зайыбы Маңғыстау өлкесінен шыққан тұңғыш акушер-дәрігер Тәжен Алданбаева еді.
Әкемнің әкесі Әнуар 27 жасында өкпе ауруынан жастай өмірден озған екен. Бұл соғыстан кейінгі ауыр жылдар мезгілі. Елуінші жылдары әжеміз руы Бәйімбет (Жаманғара) Жағабаев Қуанмен тұрмыс құрып, Нұрмұқан, Нұржамал, Николай сынды перзенттер сүйеді.
1957 жылы ата-әжеміз Аққолтыққа (Ақтауға) Форттан қоныс аударады.
Әкем небәрі 15 жаста болатын. Қалаға келген сол жылдардағы экспедициялық партиялар, қазба жұмыстары, «қара алтынды» игеру, болашақта осы өңірде қала тұрғызу мәселелесі қаралып жатқан тұспа-тұс кезең еді.
Жел ұшырған қаңбақтан өзге ешнәрсе көзге көрінбейтін құлазыған құла түзде жерасты үйлер, палаткалы қалашықтар пайда бола бастайды. 1960 жылдары әкем 3-4 айлық құрылыс оқуын меңгеріп ап, қаланың құрылыс жұмыстарына білек сыбана кірісіп кетеді. Қалашықтың алғашқы қазығын қаққан лектердің бірегейі ретінде әкем ПГМК мекемесінде 40 жыл бойына табан аудармастан Ақтау қаламыздың өркендеуіне, көркеюіне, әрбір үйдің кірпіш тасында қолтаңбасын айнытпай қалдырған алғашқы құрылысшылардың бірі еді.
Бүкіл ауыртапылықты мойнымен көтеріп, қаланың әсем үйлерінің бой көтерілуіне барынша тырысқандардың ішінде әкемнің жаналмай қызмет еткендігі шыны керек біздердей балаларына бүгінде өнегелі ерлік. Әкемнің өз аузымен айтқан бір әңгімесінде қаланың кезекті үйлерін салып жатқан тұтса биіктеу үйдің жоғарғы қабатынан құлап кеткен ауыр тастың басын кеп құлағаны, Алланың сақтап қалғаны сол, басындағы каскасының болғандығы, әйтпесе ауыр тастың адамды тірі қоймайтыны турасында әңгімелеп бергені шыны керек таңдай қақтырған жайт болып еді.
Мен келген күні әкеме арнап жан садақа бердік. Алладан дұға тілеп, әкеміздің сырқатына шипа тіледік. Сол күні садақа тараған сәттен әкемнің ұйқысы тыныш болды.
Келесі күні Алла Тағала әкемнің тағдырына 74 жас өмір сүруді жазған екен. Амал нешік, түстер шамасында жан әкем балаларының алдында, абыроймен бұл фәниден бақилыққа аттанды... Жанында отырып, егіліп-егіліп жылап отырмын. Жылап отырмын... Әкемді қатты-қатты қимадым. Екі қолының бірін ағам Арманмен мен қысып «әке, әке тұршы» деумен егіліп отырмыз. Алла ісіне шара бар ма?! Алты ұлының алдында, бірге өскен досы Тілегеннің жанында әкем жан тапсырды...
Мен үшін құдды бір фильм жүріп жатқандай секілді. Бәрі сағым сынды. Жан әкем осылай бақилық болды. Менің басымнан енді кім сипайды, жан әкешім. Ақ тәте-ау!
Ата-бабаның келе жатырған дәстүрі бойынша 3 күн қонақ болып, жаназасы шығарылып, Ақшұқыр елдімекеніндегі «Қошқар Ата» қорымына жер қойынына тапсырдық...
Әкемнің өмірден өткеніне әлі сенердей емеспін. Жаназасы оқылған сәтте жиналған жамағаттың санында шек болмады. Алдыңғы қатарда таяқтарына асылған қариялар да сап түзеп тұр. Молда Әбжан қажы ақтық жаназа намазын оқып, мәйітті алып «Қошқар Атаға» беттедік. «Қошқар Ата» қорымына жақындай бергенде алыстан шалғайдан үлгере алмай, жерлеуіне асық боп келген жамағат қауым қаншама?!
Әкемді жер анаға тапсырып тұрып, ет жүрегім елжіреп іштей жылаумен өзімді көндірдім. Жас аққан мен не өзгереді?! Жан әке артыңдағы біздерді желеп-жебеп жата бер, иманды бол деумен тұрмын іштей дұға тілеп.
Әкешім-ау мен сені енді әркез сағынамын! Сағынған сайын әркез басыңа барып тұрамын. Мен сені сүйемін ЖАН ӘКЕ! Пейіште рухың шалқысын! Жаның жәннатта болсын, Ақ тәте!

Кенжебек СЕРЖАНҰЛЫ,
Астана қаласы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу