05.09.2022
  281


Отанға қызмет ету – қасиетті борыш

Туған жерді, тарихи орданы сүю – ақылдың ісі емес, жүректің ісі. Біздің де сонау ғасырлардан бері тамырын тереңге жайған бір ғана Отанымыз бар. Ол – қазақ жері. Бәйтеректей жайқалған қазақ жерін көздің қарашығындай қорғап, оны шексіз сүю – әр қазақтың міндеті және азаматтық парызы. Сондықтан осы туған ел мен жерге ие болу, тыныштығын күзету, ел тыныштығымен қатар рухани бірлікті сақтау, ұрпақтың болашағына жауаппен қарау – әрбір жас сарбаздың парызы.



Осы орайда Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Әуе қорғаныс күштері қатарын толықтыруға жиналған жамбылдық жас сарбаздармен «Ел Тірегі – 2019» әскери патриоттық акция аясында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ардагері отставкадағы полковник Мадияр Байжанов кездесіп, ақыл-кеңестерін айтты.


Кездесуде еліміздің әрбір азаматын, жастарын отаншылдыққа тәрбиелеу мәселесі талқыланып, алдыңғы буын ардагерлер жастарға әскери қызметте жүргендегі өмір мысалдарымен әңгімелеп берді.


Мадияр Мұқашұлы өз сөзінде «Бүгінгі таңда еліміздің қорғаныс саласы жылдан-жылға күшейіп келеді. Енді әскер қатарының санына емес, сапасына мән берілуде. Білімді де білікті өздерің сияқты жігіттер армия қатарын толықтыруда. Қазіргі уақытта Қазақстан әскері халықаралық деңгейде бәсекеге түсе алатын елдер қатарына еніп отыр.
Отанына қалтқысыз адал қызмет етуді қасиетті борышым деп, еліне абыройлы қызмет еткен тұлғалар арасында жерлестеріміз де жоқ емес» деп, Халық қаһармандары Б. Момышұлы, Б. Ертаев, Ауған соғысы ардагері генерал- майор А. Казиев т.б. халқымыз үлгі тұтар азаматтарымыз жайлы тағылымы мол әңгімелер айтып берді. Сонымен бірге әскери қызметті адал әрі абыройлы атқару үшін әскери қызметтің барлық қиындықтарына шыдау мәселесін де тілге тиек етті.
– Көшіп-қону біз үшін үйреншікті нәрсе болды. «Қызмет орның ауыстырылды» деген бұйрық болса, шамалы уақыт ішінде отбасымызбен айтқан жерде боламыз. Оған еш қиналмаймыз. Біз Отанды қандай жағдайда болмасын, адал қорғауға ант бердік. Сондықтан қасиетті борыштарыңды адал өтеңдер. Ең бастысы, елімізде тыныштықтың болғаны. Елге қорған болу үшін ер-азаматқа қажымас қайрат, асқақ рух қажет екені анық. Сіздердің бойларыңыздан соның бәрі табылады»,- деп сөзін аяқтады Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ардагері отставкадағы полковник Мадияр Байжанов.
        Жиналған жастар ардагердің айтқан ақыл-кеңестері мен әскери қызмет атқарған кездеріндегі есте қалған әңгімесін аса қызығушылықпен тыңдап, сұрақтарын қойып жатты.


         Кездесудің соңын Мадияр Мұқашұлы даңқты қолбасшы, Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының “Әскери қызмет дегеніміз – дені сау әрбір азаматтың асыл парызы, ардақты борышы, кімде-кім әскери қызметтен жалтарса, ол патриот емес” деген сөзімен аяқтады. Тағылымы мол кездесуден жамбылдық жастар өздеріне үлкен сабақ алып, ардагер айтқан ақыл- кеңестерін қаперлерінде ұстайтындықтарын айтып, көңілді тарқасты.


Майор М. Смағұл,


Жамбыл облыстық қорғаныс істері


жөніндегі департаменті баспасөз


қызметі бастығы


 





Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу