Өлеңдер ✍️
Әлия, міне, мен келдім
Шаршадым.
Шалдықтым.
Сенделдім.
Көз жасым көл боп, теңіз боп.
Әлия, міне, мен келдім,
Әлемді кезіп,
Сені іздеп.
Ел көрсем ерен, жер көрсем,
Саланы шарлап, сайға кеп, --
Сағынып үйге мен келсем,
Сен жүрсің: «Әкем қайда?» деп.
Шығып бір шалқар алдымнан,
Бұлаққа, көлге кідіріп.
Мен келдім Қарқаралыңнан
Ғажап бір нұрды сіміріп.
Кеңасу– парсы кілемдей,
Ақсораң– алтын айдары,
Жетісу мені жібермей,
Шатырша шандып, байлады.
Қаңғырып небір қайнарды,
Аспан ғақұшақ жайғам-ды.
Тауларда басым айналды,
Барларда басым айналды.
Таңғажап таңға таң қалдым,
Аққуды көріп, арбалдым.
Гәкку бір әнге салғанмын.
Келетін жерге жете алмай,
Кешігіп содан қалғанмын.
Ғасырдан көшіп–Ғасырға,
Жүрегі сықап жасынға,
Жүреді әкеңқасында,
Алатауыңның басында,
Қаратауыңның басында.
Феодализмде– мал бағып,
Коммунизмге алданып, Ғасырдың көзі қанданып,
Ажал аузына сан барып,
Жан бағып жүрдім,
Сандалып…
Замана салып күрекке,
Шоғын да басты етіме.
Оғын да атып жүрекке,
Боғын да жақты бетіме.
Есемді – өксіп қайтардым,
Ғазалым сұмдық азалы.
Ойнасы болып Сайқалдың,
Сайтанның болдым мазағы.
Ағына тәнті ем ардың да,
Азабын шегіп – опындым.
Ашулы айдаһардың да
Алдына барып отырдым.
Жүректің жанды лапылы,
Жасыны ойнап жатса көк.
Сарайдың болмай ақыны,
Лашықта жаттым –
Патша боп!
Алашым кірсің бейішке,
Қадамы болсын қайырлы.
Мені оған қосып Періште,
Мені одан Сайтан айырды.
Шаршадым.
Шалдықтым.
Сеңделдім.
Көз жасым көл боп, теңіз боп.
Әлия, міне, мен келдім,
Әлемді кезіп,
Сені іздеп...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter