Өлеңдер ✍️

  05.09.2022
  169


Автор: Жандарбек Жұман

* * *

«Махаббатым мәңгілік!» деп сенемін,
Өз-өзімді осылай тексеремін.
«Ливерпуль» формасымен түсі бірдей-
жүрегімнің қалауы тек сен едің.

Жұлдызым боп жарқырат аспанымды-ай,
...Түсінбедің сөзімнің астарын қай?
Сұлу бейнең кетпейді көз алдымнан,
Жеррард пенен Лемпардтың пастарындай.

Асырмасаң мерейді-атыңа сын,
Бізге бәрі тамсанып,бақыласын.
Екеумізге жаратқан бермесе екен,
«Реал» менен «Барсаның» қатынасын.

Қалма,күнім,бұл жырдан ой ұғынбай,
Түсінбестік,қызғаныш жәйі-мұңды-ай.
Сезіміміз әлсіреп қалмаса екен,
Дәл қазіргі «Миланның» ойынындай.

Ақтарайын сырымды санамдағы,
Сендік жүрек,байқасам,алаңда әлі...
Бірімізді-біріміз түсінейік,
Иньеста мен Хавидай алаңдағы.

Шуағыңды төккейсің маған,күнім,
Құлағыма сыңғырлап таралды үнің.
Кассилястың Реалға құрметіндей-
менің де саған шексіз адалдығым.

Күлкі көргім келеді жиі өңіңнен,
Махаббаттың өртіне күйе білгем.
...Қысқасы, «Ордабасы» командасын
сүйгендей, сені де шын сүйемін мен!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу