Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
05.09.2022
151
Қырсық
Жыламашы өтінемін көлгірсіп,
Жүйкемізді жұқартпаймыз енді ұрсып.
Иә,мынау өмір деген-қызық-ау,
...Сен қырсыққа ғашық болдым мен қырсық!
Керім едің қылығы көп,тәні-гүл,
Құлағыңа сөздерімнің бәрін іл.
...«Енді қайта ұрыспаймыз» десе де,
Екі қырсық ренжіседі бәрібір!
Дәл осылай өтер көктем,өтер күз,
Әй,сонда да танытпадым бөтен жүз.
...«Ол тимесе,мен тимеймін» дейтұғын,
Адамдардың сапынанбыз екеуміз!
Сен де маған,мен де саған ұнаймын,
...Өзің жайлы өзгелерден сұраймын.
О,құдірет! Ұрыс-керіс,ренішпен,
Он бес күнін өткіземіз бір айдың!
Болса дағы сөзің-қымбат,көзің-нұр,
Маған нағыз махаббатты сезіндір!
...Сүйсең егер шыда,жаным...ал егер:
«төзе алмаймын» десең мейлі өзің біл!
P.S
...Берекені қашырдық-ау босқа ұрсып,
Бола алмайды екен бірге қос қырсық!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter