Өлеңдер ✍️

  05.09.2022
  86


Автор: Жандарбек Жұман

Поэзияның көздеген...

Поэзияның көздеген дара шыңын-
ақындардың көңілде наласы мың.
...Өлеңінің ішінде өміріп сүріп,
келе жатқан қазақтың баласымын!

Жалт қаратсын ендеше елді дәмем,
Қалдырмаспын артыма кем мұра мен.
Қара түннің көзінен тамшы болып,
төгіледі ақырын-мендік Әлем...

Бір шумаққа кететін сыйып қайғым,
Бұл өмірдің заңдарын жиі ұқпаймын.
Жастығымның астында жататұғын,
«Сұр кітаптың» ішінде ұйықтаймын!

Жырын оқып жас ұлдың шынықты өңір,
(Арманымды көптеген шірітті өмір).
Ауыр сынды көтере алады ғой,
қауырсындай жіңішке шыбық көңіл...

Сырларымның қолынан Ай ұстайды,
Сол жалғыз Ай етіп ед қай істі әйгі?
...Ақындардың көңілі-дәл шыбықтай,
Ал,мінезі-жыңғылдай майыспайды!

06.10.2013 Түн сағат 02:10




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу