Өлеңдер ✍️

  04.09.2022
  625


Автор: Жандарбек Жұман

Ел едік алатұғын...

Ел едік алатұғын ғұрып төрден,
Көкбөрі боп дұшпанға ұлып көргем.
Әз Жәнібек және де Керей сұлтан,
Қазағымның хандығын құрып берген.

Қатал тарих-көңілдер толғанған күн,
Намыс туын сол үшін қолға алғанмын.
Қылышынан дұшпанның қаны тамып,
Көзін құртқан қазақпыз жоңғарлардың.

Арманымның белгісі маңайда тұр,
Ғасыр жылап өткенге қарайды ақыр.
Арыстандай атылып қас жауына,
Жанын берді елі үшін талай батыр.

Қан майданы-соғысқа нақты алаң боп,
Баһадүрлер үмітті ақтаған көп.
Алқақөл сұламамен «Елім-айлап»
Шұбырып та көргенбіз Ақтабан боп.

Батырлардың ерлігі мақтан әлі,
Есімдерді жүректе жатталады.
КСРОның кезінде талай ерім,
Ұлы Отан соғысына аттанады.

Таңба қып басты солай тағдыр үнін,
Қоныстанды көңілге мәңгі мұңым.
Қайрат мінез көрсетіп Алматыда,
Желтоқсанның естідік жаңғырығын.

Тарих бізге бермеген аз ақпарын,
Әлсіз етті сол кездер қазақ хәлін.
Осындай қиын күндер арқасынан,
НҰРланып атып шықты азат таңым.

("Ер Жігіт" байқауында оқылған өлең...)




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу