Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
04.09.2022
113
Қараңғылық
Қараңғылық.Көңілде қиқым күдік,
Шақырады өзіне сиқырлы үміт.
Ауласында отырмын ауыр ойдың,
Жіберген соң мына Түн ұйқымы үгіп.
Үнсіздіктің жақындап дауы маған,
Қала өлді теп-тегіс..Қауымы аман.
Ашылып Ай төккенде құпиясын,
Жұлдыздардан жырымды сауып алам.
Тынышымды тұрғанда тыныс тіреп,
Мазалауға қалың ой тырысты кеп.
Әрі-бері тыншымай Түн өтеді,
Тереземнің алдынан тіміскілеп.
...Мен отырмын мұңымның мекенінде,
Құлақ түріп іштегі бекем үнге.
«Өлең» деген шаһарға бағыт алып,
Қиялымның кетемін жетегінде.
Сусынына дертімнің дұрыс қандым,
Армандайды бітпейтін ырысты әркім.
...«Өлең» деген қалашық мен іздеген,
Ішінде екен-МҰҢСТАННЫҢ..
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter