Өлеңдер ✍️

  04.09.2022
  102


Автор: Жандарбек Жұман

Қызығына тоймаушы ем....

Қызығына тоймаушы ем шаң көшенің,
Сол көшеде бітпеген қалды есебім.
Бала кездің балауса бар бақыты,
Сенде қалып қойыпты, Шал-Көшегім.

Құшып жатыр байлықты қырат,далаң,
«Қызыл бұлақ» суына сыр ақтарам.
«Барсакелмес», «Кіндік» пен канал басы,
Қолын бұлғап қарайды жылап маған.

Жаз келгенде, бақта алма піскені анық,
Ауыл жұрты емес-ті іске ғәріп.
Үлкендерден бір ауыз “рұқсат” алып,
Шомылар ек арыққа түсте барып...

Ех,шіркін...сол күндерге қарайлағам,
Сағынышын басады қалай балаң?!
Кеш батқанда доп қуып, тікен басып,
Таң атқанда өріске мал айдағам.

Осы сәттер-бақытты кезім екен,
Жан емес ем құрдасқа сөзі бөтен.
Шыр айналып шықсамда жердің бетін,
Мекен таба алмаспын өзіңе тең.

Шал-Көшек, менің үшін атың әйгі,
Күннің көзі төбеңнен бақылайды.
...Қаладағы қоршаған ғимараттар,
Бір уыс топырағыңа татымайды.

(2010 жыл)




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу