Өлеңдер ✍️
Қайғылары бітпейді....
Қайғылары бітпейді қара бастың,
Жарық түссе түнекке қарамас кім?
Көшелердің күбірін құлаққа әкеп,
Батырады былыққа жалаңаш Түн.
Мезі етеді түрлі ойлар миымды әр күн,
«Намысыңды тапта» деп бұйырған кім?
Періште ары арудың «Аһ!» ұрады,
Қалып кетіп астында тиындардың...
Қаққан кезде қанатын Түн көбелек,
Мас түнектер сәнденіп,түрленер ед.
Кіндігінен ұяты ұшып кеткен,
Бикештердің тағдыры кімге керек?!
Тіршіліктің тоғысып торабында,
Куә болдым тасталған «сор» адымға.
Аналықтың бақыты түтін жұтып,
Жылап жатыр шылымның қорабында.
Біте қоймас түнектің шағымы әлі,
Арсыздықтың алқасы тағылады..
Шыр айналып арманы шырайлының,
Шамдарына шаһардың шағылады.
Айта алмаймын бұл істі «қылық» деп бір,
Жұқа жолдың жыртыңы-жырық боп тұр.
Індетіне ғасырдың ілеспей,қыз,
Жөтеліңді іше жұт құрып кеткір!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter