Өлеңдер ✍️

  04.09.2022
  95


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

Менің ішкі дертімді сезеді ме...

Менің ішкі дертімді сезеді ме,
Өксіп келіп тығылып өзегіне.
«Өлеңіңді тасташы -- дейтін анам, --


Өгей бола қоймассың өз еліңе...»
Алыс мұрат жеткенше зарықтырып,
Ақ тілегі алдымды жарық қылып:
«Айналайын, абай бол» дейтін сонсоң,
Ақжарықтан шығарып салып тұрып.
Көз ұяма көл тұнып
– тұманданып,
«Иә...» дей сап жөнелем бұлаң қағып.
Аңдап басып, абайлай жүре алмайтын
Аяғыма қараймын күмәнданып.
Жасынынан жанымның от өріліп,
Өзегімнің өксігін өтер ұрып.
Ойрантауға көздерім түсуші еді,
Ойран дауыл кеудемнен көтеріліп.
Өлеңімді, бірақ та, тастамадым,
Өртенуден жоқ еді басқа амалым.
Екі арасын жол қылып жүріп алдым
Ақжарық пен ақ шаңқан астананың.
Әлі содан сыздайды көкірегім,
Кеше гөрші, анашым, өтінемін!
Бір қолқаңды өмірде орындамай,
Кеткеніме керемет өкінемін...
Ие болып малыңа, кетпеніңе,
Тауығыңа жем шашып, кептеріңе,
Қара болып қасыңда жүрер ем ғой
Сонда өлеңді тастап
-ақ кеткенімде...
Маза бермей жаныма қойған ба бұл,
Мені үнемі батырып ойларға бір, --
Ойрантауға көздерім түскен кезде

Көтерілген кеудемнен ойран
-дауыл?
Талғанын көр құсыңның қанатының,
Ақжарықтың әуені салатыным.
Аспаныңнан күңреніп тіл қатады
Ана сүтін емізген ана тілім...
Өлеңімді сонан соң тастамадым,
Өртенуден жоқ еді басқа амалым...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу