Өлеңдер ✍️

  03.09.2022
  315


Автор: Дихан Қамзабекұлы

ҒИБРАТНАМА

Апырмай, кессем бе екен мен тілімді,
Үйрендім қайдан өнер, көп білімді.
Өткіздім қасірет пен қапалықта
Қызықты ойнап-күлер мезгілімді.
Болдым ғой өнерімді тауысқандай,
Мерт бодым айға шауып арыстандай.
Сұңқардай биік шыңды мекен қылмай,
Шықылдап көзге түстім сауысқандай.
Сөйлеуден тыйылмаған қызыл тілім,
Өттің бе зарлауменен, қайран күнім?!
Түлкінің қызылдығы өзіне сор
Болғандай болдың маған, өнер-білім!
Айналдым бұлт болып биік тауға,
Іліндім болып шортан жібек ауға.
Тілі жоқ көп мылқаулар тиыш жатыр,
Қызыл тіл, сен басымды салдың дауға.
Бұл күнде алтын азып, жез болыпты,
Дүниеде жақсы-жаман сөз болыпты.
Гүл іздеп Гүлстанда жүрген бұлбұл
Бір күні қаршығаға кез келіпті.
Сұрапты қаршығадан сонда бұлбұл:
– Жалғанда ынтызарым-бір қызыл гүл.
Қаршыға, сен де құссың, мен де құспың,
Ақылың сенің менен емес қой мол.
Бектердің оң қолында тұрағыңыз,
Ерттеулі күнде жүйрік пырағыңыз.
Кекіліктің миы менен жүрегін жеп,
Табылған әрбір құстан мұрадыңыз.
Татисың қымбат баға, қадір пұлға,
Жүресің патшалармен шығып жолға.
Жазым боп, жазатайым түссең торға,
Түсірмей әкететін қолдан-қолға.
Өткіздім мен әрбір түнді сайрауменен,
Басымды тікенекке байлауменен,
Көрем деп қызыл гүлдің ашылғаның,
Ұзын түн зығырданым қайнауменен.
Қызыл гүл мен ұйықтамай ашылмайды,
Көзімше аузы ашылып шашылмайды.
Оянсам ұйықтап кетіп, ашылады,
Қасіретім бір көре алмай басылмайды.
Қаршыға келді сонда жақындасып,
Бұлбұлмен сөйлесуге жауаптасып:
– Құс ішінде сен ақымақ, ақылың жоқ,
Бір гүлге пайдасы жоқ болған ғашық.
Аузыңды, ақылың болса, жабар едің,
Үнднмей, сабыр қылып бағар едің.
Тілі жоқ мен секілді мылқау болсаң,
Бір күнде мың мұратты табар едің.
Ей, бұлбұл, ақылың жоқ неткен ерсің,
Аузыңды жаппағаннан опық жерсің!
– Табарым мылқау болып мұрат болса,
Болмаған хасыл мұрат кете берсін.
Мұрныңды шүйіресің мақтағанға,
Жүруші ең келемеж боп көк тағанға,
Қолында көрінгеннің болып тұтқын,
Мәз болып бүресің де сақтағанға.
Бермейді саған етті қаныменен,
Бір құстың тояттатар саныменен.
Өзіңді ертеден-кеш ашықтырар,
Құс көрінсе, алсын деп жаныменен.
Бір ұрттам қан ішерсің бір құс алсаң,
Сен ақымақ, тамақ үшін болған сарсаң.
Арбакеш сарттарға құл болғанша,
Онан да жақсы емес пе өле қалсаң.
Жаратқан бір Құдайға жетер дәтім,
Зарлаған ұзақ түндер мінәжатым,
Бітпесе бір мұратым, кетсін, барсың,
Ғаламға дастан болған бұлбұл атым!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу