Өлеңдер ✍️
МӘШЕКЕҢНІҢ ӨЗIН ТАНЫСТЫРУЫ
Тiрлiк пен денсаусығым – баста бағым,
Онан соң зор дәулетім – тiл мен жағым.
Құдай берген он екi мүшелерім,
Өз өнерім өзіме – алтын тағым.
Алты Алашқа жайылып кеткен атым,
Жүрген жерім – ду базар, қылып хатым.
Ұстаз пiрдiң һүмматы болып жәрдем,
Ал ұшсам, кете берем, бар қанатым.
Баянауыл, Қызылтау – өскен жерім,
Кiрім жуып, кiндiгім кескен жерім.
Қалам, сия, қағазды қолыма алсам,
Келер қоршап бойыма ғайып пiрім.
Айдабол, Күлiкпенен – шыққан затым,
Мәшһүр деген – дүр лақап, Жүсiп – атым.
Орта бойлы, қой көздi, бiти мұртты,
Аққұба, бидай өңдi қияпатым.
Жылым – қой, тоғыз беске келiп жасым,
Жарастықты, көрнектi сақал, шашым.
Жел қайықтай жел сөзге есушi едім,
Тұрған күнде: «домалап өрге тасым!».
Әкем Көпей жетпiс үш жасында өткен,
Дiн жолын жас күнімде бiзге үйреткен.
Өзi жастай тариқат жолын iздеп,
Әбiлқасым ишанға қызмет еткен.
Бабамыздың аты екен – Шермұхамбет,
Құдайға – құл, нәбиге болған үмбет.
Балаларын оқуға сүйрейдi екен,
Екi қолдап жетелеп, қылып һүммет.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter