Өлеңдер ✍️
САҒЫНДЫМ
Абақтыда айды, күнді жаңылдым,
Сарғайдым ғой сар даламды сағындым.
Қарашығым, ұлыным деп зарлаған,
Алыстағы сорлы анамды сағындым.
Жатқан үйім қабырғасы қара тас,
Жарық сәуле жылы күнге жаны қас.
Ауыр иіс ылғи қара көлеңке,
Ерте кеште күндіз-түні арылмас.
Тапал салқын, тым қараңғы үңгір тар,
Мұндай үйден кімге естілер ашты зар.
Алтын күнді, қара жерді сағындым,
Жан жолдасым жүйрік желді сағындым.
Асау тайдай еркелетіп өсірген,
Ағайынды туған елді сағындым.
Әлде қайда күн шығады батады,
Сорлы тұтқын күңіреніп жатады.
Қарар болсаң терезеден телміріп,
Көздеп тұрған күзетшілер атады.
Ас бола ма сасық сорпа, қара нан,
Алма бетте қалмады ғой тамшы қан.
Қоңырау қағып оятады ақырып,
Тым болмаса сіберленіп те атпай таң.
Бостандықта өткен күнді сағындым,
Желдей заулап кеткен күнді сағындым.
Жыл құсындай ұшсам, қонсам ерікті,
Ойдағыны еткен күнді сағындым.
Абақтының айға баға күні ұзақ,
Жанды жейтін жылға баға түн ұзақ.
Ескі моладай дыбысы жоқ тым-тырыс,
Тық-тық басып күзетші жүр жалғыз-ақ.
Қара жылан, қалың ойлар қаптады,
Шыбын жаным барар жерін таппады.
Ойлар жейді жас жүректі жегідей,
Тәңір ие таңыңдағы атпады.
Ойыны бір құрдастарды сағындым,
Тілегі бір жолдастарды сағындым.
Келешекке бірге пылан құрысқан,
Сырласатын жан достарды сағындым.
Уға толды жас жүрегім жалықтым,
Таныс дауыс ести алмай зарықтым.
Не дегенін не сітегенін біле алмай,
Қор болдым ғой азат жүрген халықтың.
Құшақтарға жанымда жоқ жақын жан,
Басқа шапшып мазаны алды ыстық қан.
Жалындаған жас жүрекке не пайда,
Дене күйіп бір жатып бір тұрудан.
Жүрегіме жақын жанды сағындым,
Жібек мінез хордай жарды сағындым.
Айрыларда күншығыстан ағарып,
Ақ жібектей атқан таңды сағындым.
Не көрсем де Алаш үшін көргенім,
Маған атақ ұлтым үшін өлгенім,
Мен өлсем де Алаш өлмес көркейер,
Істей берсін қолдарынан келгенін.
Қалың елім қалың қара ағашым,
Қайраты мол айбынды ел – Алашым.
Өзі-ақ құлар сырың бірме сабыр қыл,
Ақымақтар байқамаған шамасын.
Қазағымды, қалың елді сағындым,
Сары арқамды, сайран жерді сағындым.
Балдай бұлақ мөлдір күміс көбікті,
Арқадағы айдын көлді сағындым.
Қуанышта «әй, сені ме?» дегендер,
Күйініште мен үшін уайым жегендер.
Құтылу жоқ басқан адым аңдулы,
Тізіп қойып ертеңді кеш түгендер.
Тәңір ие, өзің алшы панаңа,
Тас бауырлар зарға құлақ сала ма.
Баласынан тұтқын болып сарғайған,
Кім жеткізер сәлемімді анама.
Абақтыда айды, күнді жаңылдым,
Сарғайдым ғой сар даламды сағындым.
Қарашығым, ұлыным деп зарлаған,
Алыстағы сорлы анамды сағындым.
Жұмабайұлы Мағжаннан
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter