Өлеңдер ✍️

  03.09.2022
  84


Автор: Дихан Қамзабекұлы

БІРІНШІ НАЗЫМ

Жаһилдік ғадым сөзін тыңдамаған,
Шарғыға мықтап белін байламаған.
Хайуандар хисабында көрінеді,
Асылын базар салып аңдамған,
Құр сипат көруменен неге жарар,
Тотыда не қасиет бар сайрамаған.
Бұлбұлдар фаруаз етіп сайрар гүлде,
Шығарар қапаларын бар көңілде.
Әрқайсысы қадірі өзіне артық,
Дудақ шөлде, аққу-қаздар көлде.
Пәндеге пәнде қылма жүз салдырып,
Телміртіп бір жаманға көз салдырып,
Маһұрым ете көрме Рабиім қадір,
Рахмет қазынаңнан құр қалдырып.
Кірлетпе абыройымды тілеймін көп,
Дүниенің фетнасына шырмалдырып.
Хат етіп аз уақытта жазам ғазал,
Дертімді іште жатқан қозғалдырып.
Әркімдер оқып ғибырат алмақ үшін,
Кетемін жүрген жерде сөз қалдырып.
Ер жігіт жалақтамас жоқ болса да,
Сескенбес жанып тұрған шоқ болса да.
Ажалсыз жан шықпас деп қарсы шабар,
Жасалған зеңбіректен оқ болса да.
Еш іске уақыт жетсе ие болмас,
Қаншама сауысқаннан сақ болса да.
Біреудің көңілі зор қолы қысқа,
Жіберер қыран құсша көзді алысқа,
Орнына бар қаруын жұмсай алмай,
Біреулер шалдығып жүр жүрмей босқа.
Біреудің қолы ұзын көңілі төмен,
Еш істен хабары жоқ білмегеннен.
Шүкірна жоқ бәріне қанағатсыз,
Итшілеп өтер күні өлмегеннен,
Адам көп дүниені жүрген былғап,
Біреуін кез келгенде біреуі алдап.
Азаппен ғұмырына біреулер жүр,
Құрыққа ұстай алмай сырық жалғап.
Жігітке мықты дәулет – амандығы,
Қанағат барға етпесе надандығы.
Шарт жұмып екі көзін жүргенменен,
Көрінер қалайынша адамдығы.
Ісі жоқ ғұмыр зая өткенменен,
Табылар ислам түзік күткенменен.
Басыңа ешбір пайда табылмайды,
Қызымет бір жаманға еткенменен.
Мінезі ақымақтардың сол сияқты,
Жүреме божысыз ат жеккенменен.
Өзінің қалыбында боп жарасар ма,
Жібекті шуда жіппен тіккенменен.
Зәредей кемімейді аққан бұлақ,
Бір күнде миллон шелек төккенменен.
Бергені бір құданың нық болмаса,
Болама құр көбікше көпкенменен.
Боларын пайда білмес тасқан күні,
Талабы ілгері рек басқан күні.
Мұратқа қолмен істеп жетпес ешкім,
Болады Тәңірінің қосқан күні.
Самұрық қарға тағанға етер қызмет,
Басынан бақыт дәулет қашқан күні.
Кім білер тұлпар жайын шаба алмаса,
Ер сарсаң іздеп мақсұт таба алмаса.
Бұл күнде сөз өтірік, іс жаңылыс.
Дос достың қадірін біліп баға алмаса.
Көңілін бір пайданың ойласа қош,
Дұшпан сөзі аяқсыз қалады бос.
Күшің жетсе бір қос тік әр шаһарға,
Деген нақыл жауда да қалсын бір дос.
Жан құрбан дос қалпында тұрған болса,
Үз үміт егер көңілін бұрған болса.
Шаһарды шеттен келіп жау алмайды,
Айнала атырабы қорған болса.
Шайқалып бір төгілмей кетпейді іші,
Қатардан асып егер толған болса.
Ақыл ауыс болғанда ырыс жұғыс,
Ырыс қашса, қоймайды болса туыс,
Дәулет-бақ жуған қолдың кірі дейді,
Дүниеде жоқ қозғалмай тұрған нық іс.
Дүниеге, дәулет-баққа толғандар бар,
Еш мұңсыз уақытында тұрғандар бар,
Кетерінде көшпелі бұлыт секілді,
Түсте көрген секілді қалғандар бар.
Болмасын бақ көшпелі өріс кекті,
Қозғалмай сірә орны жоқ тұрған тіпті.
Келуі алыс кетуі қасқабақтан,
Орнықбас жұмсасаңда қанша епті.
Не ғажап кейбір дәулет насқа бітер,
Рахымсыз жібімейтін тасқа бітер.
Ішіп, киіп не беріп қызық көрмей,
Дүниеден тарлықпенен босқа өтер.
Бір тиынды иманнан жақын көріп,
Тұтамдап құйрығынан ұстап өтер.
Болса егер хакім жемқор, байлар сараң,
Ақса да рахым етпес көзден сораң.
Кейбіреу амалменен байыдым деп,
Етеді дәулетт бітсе жымың-жымың.
Жоқ істен ақымақтығын білгізеді,
Малым бар деп мастығын көргізеді.
Біреуге қонақ асы берсем егер,
Қолқаға бір орынды жүргізеді.
Наушабайұлы Нұржаннан
20.03.1937 ж.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу