Өлеңдер ✍️
ХАНША ҚЫЗ БЕН АҚЫЛДЫ ЖІГІТ
Болыпты бір саудагер Бұқарада,
Теңдес адам болмапты сол шаһарда,
Қартайып қалжыраған мөлшерінде,
Көріпті өліп-талып жалғыз бала.
Қуанды үлкен той қып шаһарына,
Туды деп орын басар дәулетке ие.
Нашарды пақыр мүскін тойындырды,
Созылды ойын сауық неше күнге.
Ержетіп осы бала бойға жетті,
Мектепте түрлі білім нәсіп етті.
Өнері қияпаты бірдей бойдан,
Істеді кәсіп өнер, берекетті.
Бір күні әкесі айтты саудаға бар,
Адамның бөтен жұртта кәсібі артар.
Аралап осы шаһар атырабын,
Жолдасқа жарарлық жан сен тауып ал.
Құп көріп жолдас іздеп бала шықты,
Қаланы кешке дейін құрытыпты.
Жолықпай ұнамды адам осы күні,
Үйіне таба алмастан қайтып кепті.
Шығады тағы да ертең екінші күн,
Шаһар сыртын қарады бүгінгі күн.
Шаһардың зиратына душар болып,
Бес адам сол зиратта көрді бүгін.
Бес адам қолдарында күрек шоты,
Байқаса тым-ақ жаман жүрген беті.
Қопарып бір зиратты қазып жатыр,
Бала кеп неге қаздың мұны депті.
Айтады бес жүз ділда алмағымыз,
Ала алмай бұл өлгенде қалғанымыз.
Аламыз кебіні алтын соны бөліп,
Ақтарып сол себепті қазғанымыз.
Жігіттер, қой ойлаңдар сақтануды,
Өлгенге мықты болып мақтануды.
Төлейін бес жүз ділда бесеуіңе,
Қайта жап енді қойып ақтаруды.
Бесеуі алтын алып кете барды,
Бұл күні тағы жолдас таба алмады.
Үйге кеп ертеңінде тағы іздеді.
Шаһардың атырабын аралады.
Бір нашар ақсұр жігіт қарсы келді,
Алдына тоқтай қалып сәлем берді.
Ұнатып бұл жігітті әлгі бала,
Қызметке тұрасың ба маған деді.
Құп болады жарасам тұрам деді,
Бұйырған қызметіңді қылам деді.
Бір жылдай мөлшеріне шарт жасасып,
Жылдан соң шарт жасасып шығам деді.
Үйіне уәделесіп келеді алып,
Бұрынғы келе жатқан ескі қалып.
Ұнаса көңіліме босатпаспын,
Сыйласам құтылады қайда барып.
Әкесі бұл екеуін енді көрді,
Он көлік қазынасын бөліп берді.
Даярлап жол жабдығын түгел алып,
Дүйсенбі сәт күніне жүрмек болды.
Бұларға қоспақ болды сегіз жігіт,
Келер деп сауда істеп қылып үміт.
Біздерге артық кісі қажетсіз деп,
Кісіге жуытпады әлгі жігіт.
Мен өзім он кісілік болам деді,
Доғарып көлік жегіп білем деді.
Мырзаның бір жолына басым бердім,
Қызметін екі айттырмай қылам деді.
Құп көрді бай, байбатша жігіт сөзін,
Бұрын да сынап еді мұның өзін.
Бар малды қорадағы қыбырлатпай,
Екі етпей күтіп еді айтқан сөзін.
Жол жүрді дүйсенбі күн енді бұлар,
Әкесі жол жабдығын даяр қылар,
Сөзімді ұқ екі ұлым қапы болмай,
Үш күндік жол сапарда бір көпір бар,
Сол жерге үш шақырым жақын қонба,
Жақын қосаң көпірдің қатері бар.
Сапарға енді екеуі кете барды,
Міндетті жол жарағын жолдас алды,
Жол жүріп үш күн ұдай кешке таман,
Көпіріге бағанағы жақын барды.
Көпірден бір шақырып арман өтті,
Қауіпті қатер жолдан аман өтті.
Көлікке жай шөпті жер болғандықтан,
Доғарып көліктерін қона кетті.
От жағып енді түсіп шатыр тікті,
Жолдасы ас пісіріп қызмет етті.
Ұйықтады бай баласы дамыл алып,
Жол жүріп үш күн ұдай азам шекті.
Түн болды бір уақытта қас қарайып,
Қараңғы тұман түсті таңғажайып.
Келеді от жанына бір келіншек,
Жолдасы бай батша ұйықтап жатыр байып.
Сөйлесіп келіншекпен отырады,
Жол-жоба сауда жөнін көп сұрады.
Келіп ем мен сіздерді шақыруға,
Жүргінші бізде мейман көп болады.
Жолдасы айтты байбатша түрегелсін,
Шақырған сені өзі көзі көрсін,
Айтайын оянған соң жауабыңды,
Барса да бармаса да өзі білсін.
Келіншек жарайды деп кетті қайтып,
Не қылсын жолдасына мұны айтып.
Асын ішіп мырзасы тағы ұйықтады,
Келіншек әрберден соң келді қайтып.
Көп күттік, жүріңіздер сізді дейді,
Лайық па сізге қону түзді дейді,
Ғапыш ғашыран бәрі де біздің үйде,
Іздегенің табылар бізден дейді.
Байбатша баруға енді оянбайды,
Оянса да бүгінгі түн бара алмайды.
Барамыз ертең күндіз дегеннен соң,
Келіншек шақырушы аяңдайды.
Жігіт тұрып келіншекті артына ерді,
Көпірге бағанағы тура келді.
Келіншек ол жігітті аңдамастан,
Үй екен көпір асты келді енді.
Сұрады үйдегілер келіншектен,
Келмеді шақырғанға не себептен.
Жиылған сонша өзі неше кісі,
Қалайша келмеуіне бой бекіткен.
Екеу-ақ өздерінің он көлігі,
Бек салақ екеуінің жолға еруі.
Есіктен жігіт келіп тыңдап еді,
Байбатшаның жолға шыққан жан серігі.
Қырық кісі қарақшы еді мұнда тұрған,
Жол тосып бұл көпірді мекен қылған,
Қырықтың қырық қатыны өңкей сұлу,
Кете алмай ұрылардан бірге тұрған.
Қырқымыз өлтірейік бірдей барып,
Келейік көліктерін жеңіп алып.
Шамасы екеуінің келмес бізге,
Жүрмеңдер қаруы боп қапы қалып.
Бәрі де киінуге түрегелді,
Бұларды жолдас жігіт көзі көрді.
Бір бірлеп қырқының да басын алды,
Кезекпен тосқан жерге келе беріп.
Қырқы өлді қанжар алып үйге кірді,
Сұлулардың бірін қоймай бәрін қырды.
Көпірге бәрін жиып қайта тығып,
Жанына жолдасының қайтып келді.
Таң атып жолдарына жүріп кетті,
Мысырдың шаһарына барып жетті.
Он көлік қазынасын мауазалап,
Базарда көп пайдамен сауда етті.
Саудадан пайда қылды он бес есе,
Мұкамал сатып алды әлде неше.
Бір ай тұрып еліне қайтпақ болды,
Сайрандап шаһар кезді ерте-кеште.
Шаһардың атырабынан бір күн шықты.
Аралап бір бақшаны сейіл қыпты.
Екеуі бет алдына келе жатса,
Бақшада бір сарайға душар бопты.
Зинатылы орнатылған осы сарай,
Сахарада мәнісі не тұрған қалай.
Алдында бір күзетші қария шал,
Жүруге босатпайда ары қарай.
Сарайдың айналасы өңкей қазық,
Жүрерлік бөтен жол жоқ қадам жазып.
Сарайға балаларым кірмеңіздер,
Бұзылып кетесіздер жолдан азып.
Ілулі қазық сайын адам басы,
Таусылмас айта берсек мәселесі,
Тұрады бұл сарайда серуенде,
Шаһардың падишасының ханышасы.
Сарайға кірген адам тірі шықпас,
Жаманға қанша айтсаң да сөзіңді ұқпас.
Кірмеңдер тілімді алсаң, балаларым,
Кірген жан бұл сарайдан аман шықпас.
Сарайға тыңдамады кірді екеуі,
Таң ғалып бұл сарайға тұрды екеуі.
Ішінде қырық қыз бен ханыша отыр,
Құрметті сол қыздардан көрді екеуі.
Қыздар қызмет қылады зыр жүгіріп,
Жездем келді дейді де құрмет қылып.
Қонақ боп екеуі де отырады,
Бұлардың байқамады сырын біліп.
Сөйледі ас ішкен соң ханыша қыз,
Мүләйім айтқан сөзі сіз бенен біз.
Ойнаймыз бос отырмай жасырынбақ,
Кезек бердік сіз әуелі тығылыңыз.
Бостандық жасырынуға осы ғалам,
Ғаламнан іздеп тапсам басыңды алам.
Таба алмай өз бетіңмен шыққан болсаң,
Некелі жұптыңыз енді болам.
Мойындап көнесіздер осы шартқа,
Өкініп ажалыңды маған артпа.
Рұқсат жасырынбай қайтсаңыздар,
Мені мен отырмай-ақ анық шартқа.
Екеуі сонда тұрып ақылдасты,
Отыруға шартқа қызбен жақындасты.
Әйелден еркек болып қорыққанымыз,
Ұжданға жігітшілік ұнамасты.
Қараңыз байбатшаның данасына,
Билетті ақылдасып жолдасына.
Жолдасы тықты мұны алып барып,
Көк өгіздің бақайының арасына.
Шық деді екі бақай арасынан,
Ұнамды қандай жері жасырынған.
Тегінде қара жаяу жігіт емес,
Сынады жасырыну форымынан.
Ұнамды жасырынған түрің бөлек,
Біздерге тап сіздердей жігіт керек.
Өлтірмейін тағы да рұқсат беріп,
Жер болса жасырын деп берікрек.
Жолдасы ғарышқа алып жасырады,
Сиратыл мүтаһардан асырады.
Алады тағы тауып ханыша қыз,
Көңіліне жасырынған жері бек ұнамады,
Үшінші рет тағы да рұқсат берді,
Жолдасы жанындағы мұны көрді,
Дүниеде жасырынуға жер таба алмай,
Жолдасы байбатшаға жауап берді.
Далаға мен шығамын үйден бұғып,
Шұбар киік боламын сыртқа шығып.
Қыздар мені қуалар ұстаймыз деп,
Сен жасырын менің айтқан сөзімді ұғып.
Қыз кетер тақытынан түрегеліп,
Қызығар ұстаймыз деп мені көріп,
Астына қыз тағының жылдам тығыл,
Қалмасын бұл ісіңді біреу көріп.
Жолдасы жүр далада киік болып,
Әйнекті иіскеледі жақын келіп.
Қыздар жүгіре шығады ұстаймыз деп,
Байбатша тығылады таққа келіп.
Қыздар көрсе киік бек тамашалы,
Ұстауға ортаға алып қамасады,
Орманған киік барып кіріп кетті,
Енді қыздар көз жазып адасады.
Ханыша қыз тағына кеп отырады,
Жолдасы қыздарменен бір тұрады.
Іздеді байбатшаны жер жүзінен,
Ақтарып дүние жүзінен таба алмады.
Қарады жердің жүзін, судың астын,
Таба алмай жігітті қыз қара басты,
Жиһанда іздемеген жер қоймады,
Аударып төңкереді тау мен тасты.
Әр жерден жігіт шық деп шақырады,
Таба алмай дел-сал болып отырады.
Шұбар киік ішінен шық бері деп,
Тағы да жігіт кел деп шақырады.
Сонда жігіт келеді тақ астынан,
Қыз жаңылды ұмытып тобасынан,
Жолдас жігіт ханышаны бұрдырмады,
Әуелгі шартқа отырған уәдесінен.
Қыз айтты өнерлерің менен асты,
Енді уәде бұзуым ұнамасты,
Өнерің екеуіңнің артық екен,
Дүние жүзі сендерге шыдамасты.
Әкесіне ханыша сонда хабар берді,
Өнері менен артық адам келді.
Уәдесінде бар болса әкем менің,
Қосылып осы адамға тием деді.
Әкесі қыздың сөзін қабыл көрді,
Қырық қара нар қамқа кілем жасап берді,
Қырық құл, қырық күң мен даяр көлік,
Қазына байтұл малдан жасау берді.
Ұзатты тойын қылып байбатшаға,
Жолдас жігіт сөз айтты оңашада,
Қосылма тілімді ал үйге бармай,
Сенуің мұндай болмас ұрғашыға,
Екеуі аман-есен үйге қайтты,
Жүз түйе жүгіменен шеру тартты,
Баяғы өткел менен аман өтті,
Шаһарына өзінің жақындапты.
Жолдас жігіт сөйлейді байбатшаға,
Мен сізден айырыламын осы арада,
Бір жыл қызмет толтырдым мен өзіңе,
Ер жігіт уәдесінен адаса ма.
Менің енді ұнаса ақымды бер,
Осы істеген қызметке риза бол,
Ақыма сонда риза мен боламын,
Осы тапқан дүниенің жартысын бер.
Сонан соң қалған дүние болады тең,
Әуелі мына тұрған сұлуды бөл,
Дүниеге қызықпаймын менің өзім,
Қызығын бұл сұлудың көзіңмен көр.
Байбатша бөлісіне разы болды,
Сұлуды дүниесімен бөлмек болды,
Бір бәйтерек көреді басын кескен,
Қызды соған байлауға алып келді.
Қызды мықтап байлады бәйтерекке,
Атқа мініп алысқа шауып кетті.
Айқайлап қанжарымен бәйтеректі,
Қақ жарып төбесінен салып өтті,
Қыз қорқып лақылдатып құсты сонда,
Құсықпен талай нәрсе түсті сонда,
Қыздың жаны қиналды мұны көріп,
Су сатып, су алдырып ішті сонда.
Екінші бәйтеректі тағы шапты,
Сұлудың төбесіне жақын қапты,
Үшінші рет шапқанда қатты айқайлап,
Қыз астынан бір жылан тұра қашты.
Жыланды қанжарменен екі бөлді,
Ысқырып ширатылып жылан өлді,
Бас сиқырын құстырды осы қыздың,
Қызды шешіп бәйтеректен қоя берді.
Сылқ етіп қыз талықсып құлап кетті,
Су бүркіп тірілткен соң түрегепті.
Сиқыры денесінен кеткеннен соң,
Қыз тұрып байбатшаға қызмет етті.
Жолдас жігіт сөйледі мұның сырын,
Жан білмейтін сиқырын мұның бұрын.
Қыз бенен дүниенің бәрін саған,
Жан достым, мен алмаймын иба қылдым.
Сен келдің жолдас іздеп зиратқа,
Бес кісі зиратты қазған шақта.
Бес жүз ділдә сен төлеп қаздырмадың,
Сонда ғана мен қалдым рахатта.
Өтедім дүниеде борышыңды,
Разы бол бізден болған шапағатқа.
Мен едім сол зиратта өлген мәйіт,
Ұшыраған тірі күнде кесапатқа.
Ал, достым, мен сөйлейін сөзім тыңда,
Құданың тағдырымен келдің мұнда.
Кепіл болған біреуге борыш еді,
Төлеуге пейіл едім Тәңір алдында,
Жан достым, еш адамға кепіл болма,
Көзің сал анық тыңда оң мен солға.
Кісі ақысын дүниеде төлеу – мұрат,
Қызықпа пайдасы жоқ арам пұлға,
Жан достым, жолдағы өткен көпірге бар,
Астында қанша дүние қазына бар.
Жүз түйелік сол жерде қазына бар,
Көшіріп ал тезірек жатпа тұрма.
Жан достым, менің айтқан тілімді ал,
Мол еді сол дүниені сен жиып ал.
Қымбаттым, елге алып келгеннен соң,
Кешікпей атырапқа мол хабар сал.
Дүниені танып алсын өз иесі,
Кейінгіге жол болсын бұл бір мысал,
Далада қалған малға сен қызық па,
Жасаңыз дәл осыдан сіз байтұл мал,
Амандасып жолдасы жүріп кетті,
Бұлар да шаһарына аман жетті.
Әкесі баласына қуанғаннан,
Шаһарға зияпатты ойын етті.
Ойын бітті баласы сұлуды алды,
Шақыртып молдаларын некеленді.
Дүниені көпірдегі алып келіп,
Бәрін де байтұлмалға жиып салды.
Хабарды естіген соң келген халық,
Танығаны дүниесін өзі алды.
Мұратқа ақсұр жігіт жеткізіпті,
Артына осы кеңес мирас қалды.
Жазылды осы кеңес мысал үшін,
Сүйеді дүниені қай бір кісің.
Біреуге несібе қор, біреу өтер,
Біреудің біреу талап дүниесін.
Жолыңды тура баста балаларым,
Бар болса жол бастайтын саналарың.
Мәселе жаза салдым ермек үшін,
Ғибрат ұққан жанға бермек үшін,
Ғылымның дариясы........
Ләззәтін татып соның көрмек үшін.
Осымен ақырлассын болып тәмам,
Қартаймайтын өмірде қандай адам.
Ақылың болса өскенде бір оқырсың,
Үммат жан, әдейі арнап жаздым саған.
Артық хақым болмады ұзартуға,
Көңілім соға берді қысқартуға,
Парасат фаһұм ойға жіберсем де,
Болмады қосымша қып сөз арттыруға.
Жазылды бұл қашан деп өтінсеңіз,
Фебрал бесі күні болды деңіз.
Ой төртеу, ақыл алтау осы күнде,
Кәрілік бұ да жетті болып егіз.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter