Өлеңдер ✍️

  03.09.2022
  104


Автор: Дихан Қамзабекұлы

ҚАЙЫРШЫ МЕН ҚАСҚЫР

Қырық мысал қалған кеңес Крыловтан,
Тәржіма нақыл еттім бардан жоқтан,
Мысал сөз бұрынғыдан қалған мирас,
Тарихы өмір өткен желдей соққан.
Көп аңшы қасқыр қуа аңға шықты,
Орманға қалың ағаш шыңға шықты,
Аңшының даусын естіп қорқақ қасқыр
Бой таса көрінбестен қырға шықты.
Жолменен қорқау шықты қырға таман,
Алдынан жолығады жалғыз адам,
Жетіп кеп әлгі адамға жалынады,
Бір жәрдем істеңіз деп енді маған,
Артымда көп аңшы бар мені қуған,
Енді аман қала алмаймын көрсе бұдан.
Құтқарсаң бұл ажалдан дос болайық,
Мен дағы құтқарайын мұқтажыңнан.
Қапшығын қолындағы алды сайлап,
Арқалады қапшықтың аузын байлап,
Сол кезде аңшыларда келіп қалды,
Сойылын қолына алып далбағайлап,
Сұрады аңшылардан қасқыр жөнін,
Қайыршы түсіндірді көрмегенін,
Жасырып аңшылардан алып қалды,
Қасқырдың жақсы көрді өлмегенін.
Аңшылар жоқ деген соң кетті шауып,
Қасқыр жатыр өлем деп етіп қауып.
Адамның ұжданымен аянышты,
Қасқырды алып қалды қайла тауып.
Қапшықтың бір уақытта аузын шешті,
Қапшықтан қасқыр түсіп үһі депті.
Адамзан бәрі дағы маған дұшпан,
Деп қасқыр енді сені жейім депті.
Қой қасқыр қалжыңдама бекер депті,
Жақсылыққа жамандық саған еп пе,
Біреу үшін біреуді бос күйдірме,
Жүре бер көрінбестен шығып шетке.
Қасқырға болмаған соң айла тапты,
Жинады бұрынғыдай қайыра қапты,
Жүгінейік біреуге біз жолығып,
Жеуіңе ризамын сонда депті.
Бірігіп енді екеу біраз жүрді,
Алдында бір арық ат көзі көрді.
Жүгінді екеуі кеп арық атқа,
Жақсылыққа жамандық бар ма депті.
Арық ат екеуіне сөз сөйлейді,
Он бес жыл қызмет қылдым деп сөйлейді.
Сонда да кәдірімді ием білмей,
Қаңғыртты мені мұндай деп сөйлейді,
Мінеки адам ұлы көп зиянды,
Бұларға қастық лайық деп сөйлейді.
Қасқырға төре етіп алғаннан соң,
Тағы да адамзатты жемек болды,
Ай қасқыр ұлықсат бер енді маған,
Құтылып енді саған қайда барам.
Тағы береу жолықса жүгінейік,
Бұл жолы төре тиді анық саған.
Екеуі жарайды деп тағы жүрді,
Алдында бір кәрі итті тағы көрді.
Жүгінді осы итке кеп тағы екеуі,
Бар сыры бастан аяқ айтып берді.
Ит айтты бұл адамзат тым опасыз,
Қазымыр еңбек жейтін бұл жапасыз.
Жиырма екі жыл менің де еңбегімді,
Бермей қуып шығарды бір тиінсыз.
Қасқырға төре тиді міне тағы,
Кез болған сорлы адамға міне бағы,
Кез болып тағы үшінші төрешіге,
Адамға жақ болмады істің ағы.
Жөнелді енді екеуі жолға түсіп,
Бір түлкі қарсы келді құстай ұшып,
Адам қасқыр көрген соң тұра қалды,
Түлкі еді қаңғып жүрген іші пысып.
Түлкіге жүгіністің жөнін айтты,
Дауының екеуінің түрін айтты.
Аңшыдан аман алып қалып едім,
Жақсылығым жамандық болып қайтты.
Түлкі айтты иланбаймын өтірік сөзің,
Иланамын сонда егер көрсе көзім,
Биттей қапқа бұл қасқыр қалай сиды,
Айтпайсыз жөнын тауып айтар сөздің.
Рас деп адам шешті қаптың аузын,
Қасқыр тұр сенімсіз боп жалмауызың.
Қайыра кірді қапшыққа әрең-пәрең
Ұқпады не боларын сөз маңызын.
Байлады қаптың аузын жылдамырақ,
Адамзат екіншіде боласың сақ.
Дұшпанға ей бейшара неге сендің,
Ал енді өлтірудің амалын тап.
Бар еді егін соққан мала тоқпақ,
Өлтірді тоқпақпен ол малалап.
Бұл мисал жазылады енді неден,
Оңама дұшпанына тізгін берген.
Адамзат арасында толып жатып,
Силамай ата-ананың қақын жеген.
Жұмыскер еңбекші тап балаларын,
Аунатып қақын бермей қоя берген.
Түлкідей ақылшылар кез болса егер,
Қасқырдың терісін сойып етін берген.
Бұл сөзден ғибырат көп білген жанға,
Ешбір әсер бермейді күлген жанға.
Әркім өзін сыйласа төре берер,
Зиянсыз төре жүрсе еш адамға.
Жазды деп мұңаймаңдар мұның несін,
Мен жаздым Крыловтың әңгімесін.
Аз да болса жақсының сөзі қалсын,
Өлімнің кім біледі ерте кешін.
Ғасырдың тарих сөзі керек болар,
Балалар арих көрсең белді шешін.
Ел жаңа елу жылда жүз жыл қазан,
Сөзім де жетілтіңдер болса кемшін.
Альбомға лайықты сөз қалдырсақ,
Керекті уақытында бір тіркесін.
Қандай сөздер ұмыт боп қалып жатыр,
Жақсы сөзді әр жерде көзің көрсін.
Әрине кей ғасірге сөз ұнамас,
Кемдікке өнерлі адам тым шыдамас.
Әр таптың өз тұсында ақыны бар,
Тұсында білу үшін кім сынамас.
Жұманұлы Әбілда
05.05.1933 ж.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу