Өлеңдер ✍️

  03.09.2022
  126


Автор: Дихан Қамзабекұлы

ЖЕТІ ҒАШЫҚ

Адамзат Меке барса, табар сауап,
Қажылар дінін күткен қылар тауап.
Жағынып ұпа далап отырғанда,
Айтады Машекерге тоты жауап.
Айтайын тыңдасаңыз гепті дейді,
Көп адам бізден бұрын өтті дейді.
Кешегі хан Бағдат заманында,
Бір елде жеті ғашық өтті дейді.
Төрт жігіт малдан кедей болды дейді,
Өнерпаз төртеуі де өңді дейді.
Бірігіп жолдас болып бұл төртеуі,
Түбіне бір бәйтерек қонды дейді.
Төрт жігіт бірі шебер үй ағашшы,
Біреуі киімге ісмер дәл ұрғашы.
Өнерлі бірі зергер үлкен ұста,
Бірі софы біріне бірі басшы.
Қасқыр мен қонған жерде ұры қатты,
Күзету не болғанмен керек атты.
Төрт бөліп ұзақ түнді 1-ші алып
Әуелі ағашқа ісмер ат күзетті.
Күзетке ат қасына шебер барады,
Бір ағаш сол арадан кесіп алды.
Өнерін жолдасына көрсетуге,
Ағаштан дәл адамдай өрнек салды.
Төрттен бірін бұл түннің ұзатады,
Ұры, қасқыр жуытпай күзетеді.
Атқарып өз міндетін болғаннан соң,
Шеберді киімге ісмер оятады.
Күзетке бір уақытта келді шебер,
Өнерін жолдасының көрді шебер.
Киімін бір сұлу қыз киіндіріп,
Өнерін асырдым деп енді шебер.
Мұны мен екінші түн ұзатады,
Сол қызды киіндіріп орнатады.
Атқарып өз кезегін қосқа келіп,
Зергерді атқа бар деп оятады.
Асығып жүгіре басып атқа келді,
Ұрыны қараңдаған көзі көрді.
Ұрымен неде болса соғысуға,
Жанына қыздың тұрған жақын келді.
Ұры емес келсе тұрған бір сұлу қыз,
Жасаған жолдастары осыны тез.
Өнермен қызды зергер зиннатлады,
Ғажайып түрлендірді естісеңіз.
Басына кигізеді кәмшат бөркін,
Түзеді айтып болмас адам көркін.
Үстіне киіндірді нақыш салып,
Болады бір сұлу қыз емін-еркін.
Үшеуі ат күзетті кезек-кезек,
Күзеттен қалғаны жоқ бойын тежеп.
Үшеуі өз міндетін атқарған соң,
Жігітке софы болған келді кезек.
Ойы да үшеуінің мақтануда,
Софыға жөн болар ма бос қалуға.
Қарбаңдап о да келді ат жанына,
Ойда жоқ бойын бағып сақтануда.
Намазын оқып алып софы келді,
Ат жанында тұрған қызды бұда көрді.
Өнерін жолдастардың көргеннен соң,
Қолынан түкте келмей наза болды.
Тіледі намаз оқып бір Құдайдан,
Қалдуы қиын болды екі дайдан,
Өнерсіз босқа еріп жүруіне,
Ар көрді софы байқұс боста жайдан.
Жан сал деп көп тіледі осы қызға,
Тірілсе жарар ед деп бақытымызға.
Тілегі софыекеңнің қабыл болып,
Жан бітті сол арада осы қызға.
Сол кезде көп ұзамай таң да атты,
Жолдасын қыз тіріліп Тәңір қатты.
Таласып бұл төртеуі осы қызға,
Қиыспай бір-біріне шуылдапты.
Машекер бегзадаға сен барарсың,
Бұл сөзді сын жүзінде апарасың.
Қайсына өзі қызды бұйырады,
Ақылын ғашығыңның сен сынарсың.
Төрт жігіт біреуіне қиыспайды,
Таласып сонда дағы ұрыспайды.
Қазыға жүгінуге жүріп кетті,
Кешігіп бұл арада тұрыспады,
Қыздың форысын қарасаң,
Құралайдай көзі бар,
Бет ажарын қарасаң,
Туған айдай жүзі бар.
Толықсып тұр бұралып,
Шырын балдай сөзі бар.
Хор қызындай сипаты,
Көрген жанды мас қылар.
Асық болды төрт жігіт,
Төртеуі де жас бұлар.
Қыз сүйсе егер біреуін,
Үшеуі қалған қас қылар.
........ сатса төртеуі,
Киім-кешек ат қылар.
Бір-біріне қимады,
Бәрі де өңкей жас бұлар.
Қолына тисе ғашығы,
Ішпей жемей мас қылар.
Алқиса, енді бұлар жүріп кетті,
Бір көлге түс уақытта келіп жетті,
Ас ішіп, ат оттатып көл басында,
Кідіріп біраз уақыт сабыр етті.
Құс салған бір байпатша душар болып,
Сұлу қыз төрт жігітті көзі көрді.
Қызды көріп ғашық боп сол арада,
Мен аламын қызды бер маған деді.
Бұларға зорлық қылды бай баласы,
Бес ғашық қыздың болды паруанасы.
Таласып төбелесіп көл басында,
Жаңғырды тұрған жердің айналасы.
Қазыға бесеу болып бұлар келді,
Ғазының бұл бесеуін көзі көрді.
Шариғат бұған төре бермек түгіл,
Өзі де көрісімен ғашық болды.
Бесеуінен ғазы қызды тартып алды,
Ғашық боп қыз мойнына артылады.
Шыдамай төрт жігіттің енді бірі,
Патшаға арыз бере кетіп қалды.
Арызда хал-жайының бәрін айтты,
Кемшілік көрген мұңын зарын айтты.
Әуелде ағаштан қыз болғандығын,
Ақырда жан біткенін бәрін де айтты.
Патша естіп бұл жұмысқа қалды қайран,
Естіген бұл жұмысы келді қайдан.
Шақырып енді оларды алып кел деп,
Падиша жендетерге қылды парман.
Шақырып бәрін сонда келді алып,
Жұрт шұбады бесеуіне қайран қалып.
Отырған мықтымсынып әділ патша,
Бұл дағы ғашық болды көре салып.
Таласты алты ғашық сонда тұрып,
Қыз тұрды ол арада сабыр қылып.
Софы тұр көп үндемей арасында,
Боларын бір сұмдықтың енді біліп.
Патша да қызды көріп ғашық болған,
Үндемей ойлап тұрды аз кідіріп.
Патшамен қызға ғашық жетеу болды,
Төрт жігіт әлі кетіп мешеу болды.
Бұларды бір хайламен шығаруға,
Падиша төртеуінен жауап сұрды.
Шақырды ағашшыны патша сонда,
Жасадың сен ағаштан қалай пәнде,
Бұл айтқан өтірікке кім сенеді,
Лайық па өтірік айту патша алдында.
Ағашшы айтты патшаға сөзім рас,
Өнерім көп ағашқа қарап тұрмас.
Я, тақсыр жөнге тартсаң қыз менікі,
Тура айтсаң төрелікті алдияр бас.
Келеді енді кезек киімшіге,
Серіктік жігіт еді бір кісіге.
Жасалған киіндірдім ағаш қызды,
Бір кісі олжа салды мың кісіге.
Ұстаны өзі зергер шақырады,
Падиша шыныңды айт деп ақырады.
Түзедім барлық шыным ағаш қызды,
Айтатын басқа сөз жоқ деп отырады.
Шақырған енді келді софы жігіт,
Қалтырап жаннан қорқып қылды үміт.
Сүгірет бір қуыршақ алып келіп,
Софыға тірілт деді адам қылып.
Патшаның қызға асық көңілі жай,
Қайғырып софы тұрды лаж қылмай,
Үзеді қыздан күдер енді софы,
Жансақтау әбден керек бұдан былай.
Тақсыр-ай мен софы едім дінім күткен,
Жоқ едім ешбір жанды ренжіткен,
Адамды бар қылса да жоқ қылса да,
Лаһи әмірі күшті құдіреттен.
Таңқалды бұл жұмысқа жиылған көп,
Данышпан сөзді сынар ақылы көп,
Падиша өзі әділ өзі сыншы,
Бұл қызды қайсысына береді деп.
Қолында әмірі бар патша мықты,
Төртеуін топ ішінен қуып шықты.
Бұларды тар зынданға салмақ болды,
Қыз тартып алмаққа үкім қыпты.
Төрт жігіт қор болады бүгін енді,
Толтырды патша әмірін екі қылмай.
Көрген жан бәрі де асық осы қызға,
Жан жоқтай дүниеде сірә мұндай.
Орнынан софы жігіт түрегелді,
Әлеумет бұл жігітті көзі көрді.
Дұға ғып қолын жайып халық алдында,
Құдайдан намаз оқып тіледі енді.
А Құдай, жан сал дедім тілек бердің,
Жапаны залымдаран енді көрдім.
Белгілі дәргәйіңа менің сырым,
Жан тілеп осы қызға мен не көрдім.
Тіледім дүние үшін мен күнәкәр,
Еркің бар не қылсаң да паруардикар.
Залымнан жапа көрдік бізлер ғаріп,
Фазылыңмен паруарым бізді құтқар.
Аясаң мен құлыңды рахым етіп,
Қыз үшін менің құрбан жанымды ал.
Залымның тұтқынынан құтылайын,
Аяйтын бұл арада не жаным бар.
Жан бітіп осы қызға асық болдым,
Боларын ескермедім мұндай жолдың.
Лаһи не қылсаңда тілегім бер,
Жауыздан қорлық көріп, қапа болдым.
Тілегі софы екеңнің қабыл болды,
Отырған қыз орнынан түрегелді,
Шешініп киімдерін лақтырды,
Қаранып маңайына оң мен солды.
Киімін түгел шешіп болғаннан соң,
Әуелгі қалпындағы ағаш болды.
Нанбаған тілге халық тамашалап.
Ағашты адамға ұқсас көзі көрді.
Бұрынғыдан жеті ғашық қалған кеңес,
Қадыми таураттан алған кеңес.
Патшасы қазы болсын байы болсын,
Зорлығы ескерткішке қалған кеңес.
Шын сөзің іске аспайды кедей болсаң,
Бай болсаң айтқан сөзің жалған емес.
Жолында тартыс өмір жұрт келеді,
Біреудің теріс болса мінін көрмес.
Еркек бол ұжданды бол шамаң келсе,
Қылмасаң өзің талап адам бермес.
Қайғысына ағайынның бірдей қайғыр,
Бар болса шашылғаны жинас, тырнас.
Өткізсең аз ғұмырды бекер босқа,
Айналып өткен ғұмыр қайтып келмес.
Біріксең ынтымақпен бір араға,
Тұрғанда бірлік қылып адам жеңбес.
Ағайын өлгеніңше оқу оқы,
Қараңғы оқымасаң көзің көрмес.
Жетіліп бір жарыққа шыққан болсаң,
Жүсеңде қиян шетте адам жеңбес.
Жеті ғашық бір мысал ұққан жанға,
Басынан аяғынан шыққан жанға.
Наданға айтып болмас сөз ұқпайтын,
Құлағын мақтаменен тыққан жанға.
Өзің қүре, өзің бол, өзің патша,
Зияяның тимесе егер ешбір жанға.
Ақымақ та ақылды да келіп кетер,
Кім келмес нашбан тисе бұл ғаламға.
Басы қара адамның бәрі кісі,
Жаралып қосылған соң тегіс санға.
Тап басып жауабыңды бірақ сөйле,
Өтің жарып тұрса да сөзден танба.
Тура сөзге тоқтаңдар ақыл көріп,
Қатты айтты деп сөдерін алмай шамға.
Бұзық пиғыл бір-бірлеп қала көрсін,
Кез келсе жарқыратып атқан таңға.
Жүгің ауыр, жол ұзақ барар жерің,
Жатпай тұрмай азық– түлік көлік қамда.
Алда көш керуен жүріп бар жатыр,
Саудаға жөнелгендей шаһар шамға.
Келгенсоң дүниеде атың қалсын,
Не таппақ босқа келіп-кеткеннен жан.
Мағырипат, білім, өнер бірдей болмақ,
Пайда алу парыздайын әр адамға,
Табыңа ұлыңменен жазу таста,
Әулетке келешекте болсын таңба.
Денеңді сауытыңды таза сақта,
Қызығып қысқа өмірге сен бұлданба.
Тура бас аяғыңды бұлғақтамай,
Наданның тіліне еріп сен сандалма.
Тоқтасаң бұлда жетер қариядан,
Болмаса бар тұрғын жолда қалма.
Жұманұлы Әбілда
10.4.1933 ж




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу