Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
03.09.2022
95
НӘСІЛДІ ӘМ НӘСІЛСІЗ ТУРАЛЫ
Құладын баулығанмен қу алмайды,
Күткенмен онан сұңқар туа алмайды.
Баяғы өз салтына тарта берет,
Селт етіп көңілің оған уанбайды.
Шықпайды нәсілсізден тіпті жақсы,
Тегінде бір зат болса тұра алмайды.
Болмаса қас жетесіз суы жасық,
Асыл зат түбінде бір ұрандайды.
Егескен дұшпандарын бір мұқатпай,
Серт айтқан ердің көңілі жұбанбайды.
Шұбар төс, шынжыр балақ болса-дағы,
Жаманның ата-тегі сұралмайды.
Өнерлі туыс абзал жігіт болса,
Соның да сыбағасы жоғалмайды.
Ер болса аты шыққан сыртқа айбарлы,
Олжалап елдің шетін жау алмайды.
Жоғы игі жаман ұлдың жақсы анадан,
Бас қосқан қалың топқа бара алмайды.
Әр жерде әруақ қорлап, сөгіс алар,
Ақыл-ой тар орында таба алмайды.
Арам ас қайда барса ит тигендей,
Сүріліп өмірше адам бола алмайды.
21.10.1932 ж
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter