Өлеңдер ✍️
СӨЙЛЕП ҚАЛ ТІРШІЛІКТЕ ТІЛ МЕНЕН ЖАҚ
Сөйлеп қал тіршілікте тіл менен жақ,
Кетерсің тағдыр жетсе бір күн аулақ.
Мисалы бұ дүниенің жел сықылды,
Ешкімге баяндамас дүние шолақ.
Алайын жастығымда біраз сөйлеп,
Аққандай тау мен тастан бейне бұлақ.
Адамында, замананың жаманы жоқ,
Данышпан бәрі билеп тұрғандай-ақ.
Тұйғындар шырматылып бөгеліп жүр,
Алысқа бұрынғыдай ұшпай жырақ.
Қатарға қарға кіріп қарқылдап жүр,
Басына бақ пен дәулет қонғандай-ақ.
Қарақұс шыр айналып қалқып та жүр,
О дағы құс төресі болғандай-ақ,
Үстінде қарақұстың күйкентай жүр,
Мықты боп өз үйінде қалғандай-ақ.
Жағалтай жүр сыпылдап бір жағынан,
Тұйғынның дәрежесін алғандай-ақ.
Сауғаны бір-бірінен сұрасып жүр,
Қарыны қарақұстың тойғандай-ақ.
Кезқұйрық күлді айналып әуре боп жүр,
Қосылып қауым санына оңғандай-ақ.
Жапалақ жалтаңдап о дағы жүр,
Көлдерден аққу мен қаз ілгендей-ақ.
Шағала жүр тоты боп сайраймын деп,
Гүлбақша, бау-шарбақта тұрғандай-ақ.
Айғай сап тырналар да қиқу сап жүр,
Даусына сандуғаштың салғандай-ақ.
Қосылды құс санына қара таған,
Жеріне жан жете алмас ұшқандай-ақ.
Бәйгі алып мәстектерде таранып жүр,
Тұлпар мен арғымақтың порымындай-ақ.
Жайылды сиса орнына қара лаңке,
Атылас асыл қымбат тұрғандай-ақ,
Төбешік әр-бір жерде тауларда тұр,
Артына жау өткізбес қорғандай-ақ.
Қарт ағаш бұтағы жоқ қалбиып тұр,
Ығына жел жібермес ормандай-ақ.
Қосылып бас қосысып қара боп жүр,
Бытырап бет-бетімен жүрген саяқ.
15.09.1932 ж
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter