Өлеңдер ✍️
ИА, ҚҰДАЙЫМ, АҚҚА ЖАҚ
Иа, Құдайым, аққа жақ,
Өзіңе аян, мен нақақ.
Аққа деген сөзімнің,
Абыройын ашпай жап.
Аят пенен қадисте,
Адал ниет ақ іске.
Жаңылмасам жоқ еді-ау,
Жаза тартсын деген бап.
Мені ұстатып айдатып,
Зығырданым қайнатып,
Масайрасып мәз болып,
Күлгендерді өзің тап.
Аз күндікке алданып,
Аз нәрсеге жалданып,
Адасқанын Алаштың,
Түзу жолға түсір, хақ.
Жақыныңнан жау шығып,
Мақұл сөзден дау шығып,
Иттер тістеп тонымнан,
Дұшман ұстап қолымнан,
Маған тосу болған шақ.
Қара палуан Жәнібек,
Қаз дауысты Қазыбек,
Жетім қалған халқыңа,
Тұлға болып артыңа,
Кім тиянақ, қазық ед.
Құнсыз болып еріміз,
Жесір болып жеріміз,
Мал менікі дей алмай,
Жан менікі дей алмай,
Итке де, құсқа азық ек.
Кен болар деп балшықты,
Көл болар деп шалшықты,
Біз үмітпен қазып ек.
Дәреті жоқ аяқтар,
Қорсылдаған саяқтар.
Бұлғамасын тасыңды,
Қасиетті басыңды.
Дегеніміз болмаса,
Қазаққа не жазып ек,
Байлаттырған қолымды,
Бөгелттірген жолымды,
Жақыным бар, жатым бар,
Хабарлана жатыңдар,
Мен сендерге бүгілдім,
Төресі әділ қазы деп,
Он екі имам Әулие,
Жүз жиырма сегіз Әнбие,
Қолдай гөр, өңшең әруақ!
Байтұрсынұлы Ахметтен
26.06.1932 ж.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter