Өлеңдер ✍️
ӘЛСІЗ, АҢҚАУ АРМАНЫМ
Өкінумен өзегім қақ жарылды,
Опығумен шайнадым бармағымды.
Тауып берші, ізгі дос, тауып берші,
Адасқан менің аңқау арманымды.
Ой-хой, есіл арманым, еркем менің,
Маған азап бал емес дерт емгенің.
Бала күнгі арманым жасқаншақ боп,
Көрінгенге мөлиіп, мөлтеңдедің.
Қарайды әне, мұнарлы, мұңлы құздар,
Жыл құстары, қайда бет бұрдыңыздар...
Сендерге айтар базына таусылмайды,
Пәк арманын жоғалтқан құрбы қыздар.
Мазамды алып түнерген табашым да,
Жүргенім- ай, зәру боп жанашырға.
Көп арманнан жатырмын айырылып,
Екінті мен ақшамның арасында.
Сескенбеуші ең сұстанған айдағардан,
Енді неге шошындың байбаламнан.
Жылан, бүйі, шаяндар шағып талай,
Шала жансар қалдың- ау, қайран арман.
Өмір кейде өзің де шалаңғырсың,
Жауап таппай сұраққа қамалдым шын.
Озса озсын «бәсеке дүлдүлдері»
Әлсіз, аңқау арманым аман жүрсін!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter