Өлеңдер ✍️

  03.09.2022
  267


Автор: Қайрат Құлмұхаммед

АҚЫН МЕН АҚЫН СЫРЛАССА

(Ағартушы, ақын Орынғазы Мәнбазарұлы –70 жаста)
Кешеден келешекке тарады арай,
Сендермен бағдарымды табам оңай.
Гүлдерден бал жинаған бал арадай,
Айналайын, сендерден, ағалар- ай!
Үнем баста тұрмайды өмір жазы,
Таусылмайды пенденің көңіл назы.
Жанкешті, жампоз ақын ел білетін,
Ол менің қайсар ағам – Орынғазы.
Сараңдау табиғаттың сыйын күткен,
Дүниеге келіпсің дүйім жүкпен.
Жақсылықпен жеттіңіз жетпіс жасқа,
Жас өмірің өтсе де қиындықпен.
Аға, бүгін есіктен төрге жеттің,
Өміріңді өлеңмен өрнек еттің.
Он бес жаста танылып баспасөзде,
Елу бес жыл рухқа еңбек еттің.
Тірлікке тірек болса көміртегі,
Біздің қоғам білімге шөліркеді.
Ұрпаққа ұлағатты ұстаз болу,
Сіз жеткен биіктердің ең үлкені.
Арнадың кіршігі жоқ жырыңды елге,
Көрем соны жаныңа үңілгенде.
Өзіңізден тараған сегіз ұрпақ,
Бұл күндері айналды рулы елге.
Не жетсін тазалыққа сүйенгенге!
Алдыңда әз басымды ием мен де.
Қайсарлық пен өскелең өнегеңді,
Тұмар ет, немерелер, жиендерге.
«Хандардың ордасындай қара қосы»,
Көп тағы көне таныс, жаңа досы.
Орынғазы – сабырдың сары атаны,
Қазірше менің берер бағам осы!
Құрметтеймін, қалайша үлгі етпеймін?
Әрине, бұйымтайсыз құр кетпеймін.
Ағамыздың күтімі кем болмасын,
Аққайша тәтемізге міндеттеймін!
Ел- жұртым, жақсылыққа жалға, мені,
Сый көрді азаматтың ардагері.
Рахмет, ұлтымның тұлғалары,
Рахмет, Сауанның саңлақ елі!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу