Өлеңдер ✍️
МЕНІҢ ЖЕЗДЕМ
(Көрнекті қаламгер Серік Қапшықбайұлы –
80 жаста)
Көген алмай өлең алдым мол несібе сөз маған,
Үлкендерден өнеге алсам даналыққа тез барам.
Серік өзі бір әлем ғой түсінбейтін өзге адам,
Ұлағатты ұстазым ол әрі менің жезде ағам.
Кездері жоқ бір адамның меселдесін қайтарған,
«Айдан ары, күннен бері...» жер үстінде тайпалған.
Поэзия, проза мен драма үш биіктен,
Бой көрсеткен біздің Секең шынымен де майталман.
«Жоқ» дегенің рас жоқ па әлде ауыр тағдыр ма?!
«Жылқы ішінде ала жүрсе»
«Баланы» ертіп бардың ба!
Қорғау үшін «Жер басып жүргендердің» барлығын,
«Күн шығысты»
«Жүрек тұстан» нысанаға алдың ба!?
Тарпаң тағдыр нажағайлы от қамшысын үйірді- ау,
Сонау жылдар қақпайлады дүлей мінез, дүйім жау.
Сөзі жұмбақ, өзі жұмбақ сексендегі Секеңді,
Біздер үшін толық біліп, түсіну де қиындау.
Менің жездем жұмсақтық пен қулыққа да бай тағы,
Күдір жолға жоламастан, ылди жолмен қайтады.
«Сенікі жөн... өте дұрыс», «бәрекелді... жарайсың»
Осы сөзді кім-кімге ойланбастан айтады.
Гүлсімхандай апайыммен бақытты боп өтіңіз,
Ұрпақтардың бақыты үшін босамаңыз, бекіңіз.
Үнемшілдік қағидасын қатты ұстанған жезде аға,
Еппен жүріп, ешкім білмей жүзге де аман жетіңіз!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter