Өлеңдер ✍️
АҒАЛАР-АЙ...
(Зейнолла Мүбәрәкұлы Сәнікті еске алу)
Өсірді арман дала, арда мекен,
Мен өшпейтін өмірді арман етем.
Зейнолла ағамызбен қоштасқалы,
Бір жылдың жүзі болып қалған екен.
Сағыныш санамызды билеп еді,
Көңілім ала бөтен күйге енеді.
Біздерді қамықтырып, ойландырар,
Ағалар қатарының сирегені.
Үлкендерден көп алдым үлгіні мен,
Олар айтқан шежіре, жырды білем.
Зейнолланың іззетті інісі боп,
Жиырма төрт жыл сырласып бір жүріп ем.
Тартыстарды көп көрген тарлан едің,
Саналы ұлын ұмытпас саңлақ елің.
Ұлттың рух байлығын молайтуға,
Алпыс жыл ғұмырыңды арнап едің!
Арманыңды айдында жүздіргің кеп,
Тұлпарыңның тұяғын қыздырдың көп.
Сағынышпен еске алып елің келді,
Аға, сені ұлықтау біздің міндет!
Аңсауға қалам ұстап алса қару,
Жүрегіне табады қанша дәру.
Аман жүрсін ұрпақтың ұйтқысы боп,
Ақын, ұстаз анамыз – Шәмшәбану!
Жылы сөзбен жұбаттық жүдегенді,
Ескерткіш қып орнаттым бұл өлеңді.
Тіріңде маған жақсы аға боп ең,
Қанатыңа аға боп жүрем енді!!!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter