Өлеңдер ✍️

  03.09.2022
  91


Автор: Қайрат Құлмұхаммед

ЖАЗ ДИДАРЛЫ ЖАҚСЫ АҒА

(Академик Ғарифолла Есімнің
60-қа толған тойына )
Тіршілікпен үндесетін әуені,
Сабырлы елім – саялы орман мәуелі.
Мерейтойға қош келдіңіз, ел-жұртым,
Тағзым етіп, бас иейін әуелі!
Айтпай білген қарыз бенен парызды,
Жақсылардың болады екен жаны ізгі.
Жайдары жаз Ғарифолла жақсы ағам,
Өзі туған мамыр айы тәрізді.
Ой теңізден інжу-маржан шайқадың,
Меңіреу құмнан меруертті байқадың.
Еңбегіңнен елге жеміс мол бердің,
Аға, саған рахмет айтамын.
Бізге ұстаз, ұлыларға інісіз,
Досқа ұран, шәкірттердің жырысыз.
Біз алыстан атажұртқа келгенде,
Құшақ ашқан ағалардың бірісіз.
Елді жырмен тербететін ақынбыз,
Ақылманның айтқанына мақұлмыз.
Бәйтеректей ағаларға сүйеніп,
Күрмеуі жоқ ғұмыр кешіп жатырмыз.
Пәлсапамен ағам жетсе көмбеге,
Алақайлап қол соқпасын ел неге?!
Академиктің жары әрі бапкері –
Рахмет Римадай жеңгеме.
Ұл мен келін-Қазыбек пен Динара,
Баяныңыз құндақталған ибаға.
Сәуле қыз бен күйеу бала шаттанды,
Разы боп сіздер көрген сыйға да.
Көктем-майса, мол жемісін күз берді,
Аға-жеңгем инабатты ұл, қыз көрді.
Немереден бала бақша бар тағы,
Кейінгілер ырымдаймыз сіздерді!
Ішінде боп алуан пікір майданның,
Ұлтың үшін сәт сапарға сайландың.
Ардақты аға, патша көңіл халқыңның,
Рухани тірегіне айналдың.
Біз кездессек мұңаю мен мұнарға,
Сізге сендік шыңыраудан шығарда.
Ойшыл, абзал азаматтар көп болса,
Біз бақытты болар едік мұнан да.
Адал ұлын алғысына бөледі ел,
Ел-жұртыңа иманыңдай сене көр.
Тер моншағын мөлдіретіп төге бер,
Миуа бақтай жемісіңді бере бер.
Елдің саңлақ, ардағы да осында,
Елдің басшы, бағланы да осында.
Елдің тілек, арманы да осында,
Елдің ғылым тарланы да осында.
Тойға келдім әніммен де сәніммен,
Еңбек еттің арыңмен де жаныңмен.
Тұтастықтың туын биік көтерген,
Тұлғаларым, айналайын, бәріңнен!
Оймен шолып тіршіліктің әр тұсын,
Жеңдің талай тағдырдың да тартысын.
Тек ғылымға бағышталды бар күшің,
Атақ-даңқың шар тарапқа шалқысын!
Ұл да, құл да бола білсе халқы үшін,
Данышпандар, даламыздың даңқысың.
Ғарифолла аға, мәңгі аман бол!
Жүз жасыңа жол бастасын алпысың!!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу