Өлеңдер ✍️

  03.09.2022
  426


Автор: Жанат Әскербекқызы

Қазақтық пен азаттық

Көне дәуірдің күмбірі,
Қоңыр шанақтың мұңлы үні,
Қара қобыздың сарыны,
Қаһармандардың арыны,
Күлік біткеннің дүбірі,
Әруақтардың күбірі –
Тәуелсіздікке тәу ете келіп, тәж берді,
Қастарына ертіп ақсақал-тау мен әз-белді.
Қауырсын қалам қаз қанатынан үзіліп,
Азат Алаштың асқақ тұлғасын жазды енді.
Сағыныш көлбеп, сағымы көшкен сары бел,
Төсінде ойнаған тарпаң мінезді тағы жел –


Кескекті ердің сойлары шалған мекен бұл,
Жадына тұтып шежіре қылған бәрін ел.
Ер бабам еді еркіндік әнін шырқаған,
Бұла-ғасырды белінен кешіп бұрқаған.
Көк байрақ тіккен көк бөрі текті өр халық
Өткенін іздеп, ертеңге басар бір қадам.
Сананы жайлап, көне дәуірдің күмбірі,
Сайын далама азат рухтың тұнды үні.
Азапты тарих – азаттық алған қазақтың
Өзімен бірге мәңгі алып жүрер бір мұңы.
Қоңыраулы намыс қаруы болған еркін ел
тынысыменен жерұйық болып жер түлер.
Бабалар жолы қазына болған даламда
Қазақтық қана Азаттық сәнін келтірер!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу