Өлеңдер ✍️

  03.09.2022
  1267


Автор: Жанат Әскербекқызы

Маңғыстау деген өлке бұл...

Анық-ау ғажап екені,
Ей, шабыт, мені ерте жүр!
Әулиелердің мекені –
Маңғыстау деген өлке бұл!
Жыраудың керіп көмейін,
Толықсып шыққан ерке жыр
Толықсып мен де келейін –
Маңғыстау деген өлке бұл!
Қаракөк Каспий – шежірем,
Өзіңмен келді сырласқым.
Жағаңды оймен кезіп ем,
Адырды басып, қырды астым.
Жеті жұрт қонған маң далам,
Көне дәуірдің куәсі.
Сырың бар ұрпақ аңдаған –
Киең бар тылсым, расы...
Теңіздің демі тербетіп,
Тебіреніп тұрған аймағым.
Даңқыңды көкке өрлетіп,


Жаңғырып, жасап, жайнағын.
Жыраудан қалған мұра бар,
Төгейін мен де ерке жыр.
Ақынның сөзін құп алар
Маңғыстау деген өлке бұл!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу