Өлеңдер ✍️

  03.09.2022
  224


Автор: Жанат Әскербекқызы

Баба жұртына оралу

Ақ ала ордам қонған жұрт...
Қазтуған жырау
Шалкиіз жырау шалған жұрт,
Қазтуғаннан қалған жұрт,
Доспамбеттей қыршын ер,
Соңғы демін алған жұрт.


Ақтамберді толғанып,
Махамбет атой салған жұрт,
Дауға түскен ептінің,
Жауға түскен тектінің,
Таңдайынна түйірлеп,
Сөз асылы тамған жұрт.
Тыңдағым келді жыр бар деп,
Сол жұртта қалған кім бар деп,
Тамырға біткен тарпаңдық,
Қанымда менің тулар көп,
Бұқардай даңғыл көкірек
Қалдырып кеткен сыр бар ма ед...
Бата боп жеткен пұлды сөз
Шырмауықтайын шырмар кеп,
Тастарға қарап тіл қаттым,
Аспанға қарап тіл қаттым,
Таскерең болып қалса да
Бір арзуымды тыңдар деп.
Аманатындай бар шалдың
Тобылғы сапты қамшы алдым,
Кісінеп жетті күрең жел,
Күмбір үніне тамсандым.
Келмеске кеткен ғайып боп,
Кетбұға – күнді қарсы алдым,
Жалына желдің жармасып,
Жалғанға келді жар салғым,
Кезеңге жеттім ойқастап,
Өзенге жеттім байқастап,
Қобызын шалып жыр толғар,
Сазы да бөлек сал-шалғын...
Аймағы құтқа шомған жұрт,
Ақ ала ордам қонған жұрт,
Кесек те кесек кекті үндер
Дұшпанның ізін шолған жұрт.
Тасты да жарған, бас жарған
Тіліме берік қорған жұрт,
Ойы мен қыры тең жатқан,
Ойға бір батқан орман жұрт,
Көшімді бұрып келейін,
Қосымды тігіп көрейін,
Кеудемнен кері итермес,
Бабама қоныс болған жұрт....




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу