Өлеңдер ✍️

  03.09.2022
  197


Автор: Жанат Әскербекқызы

Бұрынғы әуен

Тарих қашаған көктастардың түркі
тіліндегі күбірін бүгінгі күнге жеткізген
Дәуір желі бір қалыпты екпінмен Ғұмыр
ағашты тербейді.



Білге қағанның бақұлдасуы



Бастыны жүгіндірдік,
Тізеліні бүктірдік....
Күлтегін (Үлкен жазу)



Бастыны жүгіндірдік,
Тізеліні шөктірдік.
Тоңғанды жылындырдық,
Өштіні – жоқ қылдық.
О, түрік-сір жұрты!
Басымнан бақ тайды ма,
...Өртенеді өзек,
Жақыным жаттай мына,
Ажал тұр оғын желкеме кезеп.
Күңіреніп, назаланды ма,
Төбемде Көк Тәңірі,
Құтқара азадан мына
Құдіреттің жоқ па әмірі...
Деген ем қақырамайтын
Қағанат құрам,
Байтақ жұртымды намысы барға
Аманат қылам...
Төбеңе тұтқан


Білгең едім ғой,
Қағанатыммен
Іргелі едім ғой,
Қолыңды бастап,
Жолыңды бастап
Жүрген едім ғой
Жұртым!
Алтай асуын
Асқанмын талай,
Ертіс кешуін
Кешкенмін талай,
Ажалдан мынау
Жасқандым қалай,
Өмірден мынау
Сескендім қалай...
Күлдір де күлдір
Күлік мінгенмін,
Көк Тәңірінен
Ұлықпын дер кім?!
Қоштасар шақта
Жалғанмен мына
Елесі тұрды
Ұмыт күндердің.
Сыйлығы – құнды,
Сөздері – дәмді,
Табғаш пиғылы
Өзгеріп алды,
Секемденетін
Сәл селкеуліктен
Сұм жүрегімнің
Сезгені зәрді...
У берген қолға
Амал жоқ қылар,
Запыран ішкен
Заман бп тұрар.
Жат табанына
Тағым қор болса,
Шамырқанумен
Далам кек қылар.
Аруақ дедім,


Тәңірі дедім,
Тағыма сес боп
Таңылып едім,
Еркіндігім деп
Ерегестім көп,
Әйтпесе жауға
Нағылып едім...
Көк түркілердің
Дәуірі қандай,
Даңқын, айбарын,
Тау ұғынардай.
Кетеуі кетіп,
Мүжілер ме екен,
Мен ішкен удан,
Сауығып алмай.
Көктүркілердің
Арыны қандай,
Үнінде құдірет
Сарыны бардай,
Есінен танып,
Егілер ме екен,
Сұрқия дұшпан
Ұсынған зәрдің
Сарқыншағынан
Арылып алмай.
Барады қанша
Арманым өліп,
Елтеріс*
ерден
Қалған ұл едік,
Қағанат құрдық,
Қаһарман болдық,
Бодандық халге
Арланып едік.
Адасып жүрер
Аспанда бір әнім,
Келер-ау тарғыл
Тастарға жылағым,
Көк түрк елі,
Тыншығам,
Тұрса,


Жайылып даңқың,
Аспандап ұраның.
Бодандық деген –
Қорлық дегенмін,
Қорлық дегенге
Көндікпегенмін,
Көз жасын сүртем
Деп талпынғанмын,
Әрбір таңынан
Шер күткен елдің.
Түркінің алар
Үлесі бар-ды,
Аңдыған дұшпан
Бір өшін алды...
Білге өлгенмен
Бірге өлмес елім,
Жалғаса берер
Азаттық үшін
Көктүркілердің
Күресі мәңгі...




* Түркі қағаны, Білге мен Күлтегіннің әкесі




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу