Өлеңдер ✍️

  03.09.2022
  168


Автор: Бауыржан Бабажанұлы

Тәп-тәтті қылығымен ұнаған қыз

Тәп-тәтті қылығымен ұнаған қыз,
Сезесің бе, біз енді бір адамбыз.
Бір адамбыз!
Бұзбасын көңіліңді,
Терезеңнің сыртында жылаған күз.
Көз жасын ертең-ақ Күн кептіреді,
Орындалып жатқасын көп тілегі,
Толқып кеткен сәті ғой...
Күз жыласа,
«Қуаныштың көз жасы!» — деп біл оны.
Аңдайықшы, оның жөн-жосығын біз,
Жас талдардың анабір пошымы — ұл-қыз...
Ұл-қыздарын жинап ап, әңгіме айтар,
Әжеме ұқсап барады-ау, осы бір күз.
Дүние түгел тұнып тұр, айхай, сырға,
Тіпті құлақ аспастан айқай-шуға,
Миуалы бақ жаулығын түзеп қойып,
Бізге бата беріп тұр, байқайсың ба?
Аямай-ақ төгетін ізгі нұрын,
Неге ұнатпай келгенбіз күзді бұрын,
Көтере алмай жемісін,
еңкіш тартқан,
Күз болуға жеткізсін бізді, күнім.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу