Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
03.09.2022
144
АҢСАР
Арғы жағы Еділдің, бергі жағы,
Екі ортада көңілім қаңғырады.
Екі ортаны көңілім жол қылады,
Арғы жағы Еділдің, бергі жағы...
Арғы жаққа ұмтылып мен өте алмай,
Бергі бетке ұмтылып сен өте алмай.
Сен — ұядан ұша алмас балапандай,
Мен — құсы кеп қонбаған алақандай.
«Жапырақты жайқалған...» қарманармын...
Бәрібір сертке жетпес оңбағанмын.
Түйіршігін жүрекпен тамсай берем,
Ар жақта сен сызылтып салған әннің.
Ақ шағала айдынның төсін өпсін,
Қарамайды қара аспан, есінеп шын.
Сен ар жақта, қалқам-ай, мен — бер жақта,
Жайқалады жапырақ... несі кетсін...
Жайқалады жапырақ, ағаш бекем,
Қанша ғашық түбінде бал ашты екен?
...Көзің жасы Еділге тамды-ау, сірә,
Суын татып көріп ем, ап-ащы екен...
Арғы жағы Еділдің, бергі жағы...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter