Өлеңдер ✍️

  03.09.2022
  191


Автор: Бауыржан Бабажанұлы

САРЫ ЖАПЫРАҚ

Сары шекпенін жамылып атырап бар...
Сап-сары жапырақтар,
Сағыныш ешкімге опа берген жоқ қой,
Кімді сонша күттіңдер, ақымақтар?!
Иірімінде тұратын жылдар жылап,
Әндеріңді бар ма екен тыңдар құлақ?
«Сағыныш ешкімге опа берген жоқ қой...»
Әй, ақылды тыңдайтын кім бар, бірақ...
Орта жолдан асқасын Тірлік-Ие,
Қайғыны — әулие тұтасың, мұңды — кие.
Ақылың не...
Әу баста Хақ бұйрығын,
Тыңдамаудан басталған бұл дүние.
Қырау түсіп... көңілді сыз қылатын,
Күзге келіп, қол берген біз — бір ақын...
Жапырақтар, жандарым, айтыңдаршы,
Сағыныш деп қойған кім, күздің атын?
Дәл сендердей сезімтал болмасам да-ай,
Аяғымды, күйім жоқ, паң басардай.
Бір сәтке адам көзімен қараңдаршы,
Сарғайып кеткем бе екем мен де сондай?
Бірдеңеден қалғандай, аласұра,
Ей, өмір, сен де зулап барасың, ә?
... Жапырақтар ұшып кеп, қонып жатыр,
Әкем менен шешемнің моласына.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу