Өлеңдер ✍️
«ҒАРЫШКЕР»
«Кім болам?»
Тақырыбы — шығарманың,
Әншейінде көзіңнен ұғар бәрін.
Ағай да шығып кетті.
Сезді ме екен,
Әр кеудеде бүр жарған бір ән барын.
Ағай шығып кетсе де...
Тыныш бәрі.
Тұңғыш рет Үнсіздік...
Ту ұстады.
Бір-бірімен қырылып жатар күнде,
Тентек ұл мен ерке қыз ұрыспады...
Армандау қиын ба екен...
Оқығаннан,
Бақытының көргендей отын алдан.
Сол сәтте-ақ күллі әлемді кезіп кетті,
Тар класқа сыймаған отыз арман.
Қарлығаш-ой аспанға қақты қанат,
...Сабақтан соң жөнелдік шапқылап ап.
Ертеңіне мұғалім оқып берді:
— Мен ғарышкер боламын! — депті Болат.
Арманы қыр көрсеткен...
Сары балаға,
Қызыға да қарадық, таңдана да.
Тұңғыш рет оянды қызғанышым:
«Қалай менің басыма келмеген, ә?».
«Болмайды...» — деп ойламас, бала, әрине,
Аяқасты бөленген дара күйге.
Бүкіл класс қарадық....
Тым төменнен
Көкті тілер болашақ «Гагаринге».
Кейін: «Болат ұмытты көкті...» — деп ек...
...Аспан жақтан бір хабар жетті ме, ерек?
Қайран досым, отыздан аса бере,
Ғарыш жаққа аттанып кетті кенет.
«Бұл дүние — о дүниенің елесіндей...» —
десем, дос, мені жынды көресің бе, ей?
...Ауылдың сыртында үлкен мола жатыр,
Құлаған Жерге ғарыш кемесіндей...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter