Өлеңдер ✍️

  03.09.2022
  234


Автор: Бауыржан Бабажанұлы

ШҮКІР

Бай ұлына еріп жүрген аз күннің
«Нәтижесі», әкемді кеп жазғырдым:
— Ай, ай, әке, әпендіден аумайсың,
Басқа әлемнен келіп қалған жандайсың.
Қыр ұлындай қала барын кеш білген
Көп нәрсеге қолым жетпей өстім мен.
Мен жүргенде арыз айтып қоғамға,
Біраз достар кетіп қалды көп алға.
Мен де жетем, бірақ... (қанат талғасын)
Керегі не «ішің өліп» қалғасын.
Көп Әкелер берген бәрін бүтіндеп.
Ал, сен болсаң... «...бергеніңе шүкір» деп...
— Жә! — деді, әкем: — сөзге енді қонақ бер,
Айтар уәжді тыңдар болар санатты ер.
Есті пенде хаққа жанын сүйгізер,
Ақ Аллаға не деп тілім тигізем:
Ұл сұрадым, ұл берді,
Қыз сұрадым, қыз берді.
Ұлым қонды ұяға,
Қызым қонды қияға.
Қарынбайдай болмасам да малы бар,
Бір басыма жетер дәулет табылар.
Ол дәулетім — қанағатым, ең алғаш,
«Жоқ-жоқ» деген оны ешқашан таба алмас.
Өмір өтті: бал да жұттым, сор таттым,
Ең бастысы, жанымды ұғар жар таптым.
Опырылып түсті бір кез жан-жағым
Қиналсам да «шүкір» деуден танбадым.
Ала жібін аттағам жоқ ешкімнің,
Кеудесінде оты барды дос білдім.
Көрдім алдын тексіздің де, тектінің
Күнім үшін құлдық ұрған жоқ күнім.
Бермесе егер иесі бар ғаламның
Бергені не болар дейсің адамның.
Дей алмаймын, жоқшылықпен бірге өстім,
Бірде аш боп, бірде тоқ боп күн кештім,
Сендер барсың, «аталап» жүр немерем.
Бізге, сірә, бұдан артық не керек?
Сен қаншама тілдесең де, жазғырып,
Маған қымбат мендік өмір мазмұны.
Байлық деген жеткізбейтін қашаған,
Керексе егер, оны өзің жасап ал.
Бірақ әсте етпеген жөн күпірлік
Қазақты ұлт қып сақтап қалған шүкірлік!..
P.S. Әңгіме айтар әкем бар, анам да жүр қасымда
Ешкім баян таппаған боқ-дүниені қуып қайтем,
расында.
Көкірегіме сезім толып шүпілдеп
Өлеңімнің атын қойдым «Шүкір» деп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу