Өлеңдер ✍️
ЖАЗ
Құлазыса көңілім... Жазға барам,
Еркелегім кеп тұрар аздап оған.
Құшақ жайып, қуана қарсы алады,
— Қайда жүрсің, кел, кел — деп мәз боп ағам.
Салқын көже ішкесін құмырадан,
Көкірегіңе құйылар шұғылалы ән.
Саясатта шаруасы жоқ демесең,
Шаруасына бұл кісі мығым адам.
Бой көрсетіп қалса да тасадан мұң,
Бергеніне шүкір деп жасағанның.
Тасқан дария келмейтін тобығынан,
Мінезінде мәрттік бар осы ағамның.
— Жүнжіп жүрсең, Тәңір де қолдамайды
Ал, ал, жолың болмады... сол ма қайғы? —
деп жымиып, кетпенін қолына алса,
Маңдайынан жаңбыр-тер сорғалайды.
Бір шұғыла төгіліп жанарынан
Барын салып ұсынар табағына.
Қолы ашық, дастарханы мол болғасын,
Үзілмейді бұл үйдің қонағы да.
Ағам — осы. Әр ісі — өнегедей.
Жасыл құрақ тәп-тәтті немередей,
Аяғыңа оралып, былдырласа,
Одан басқа, шынымен, не керек, ей...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter