Өлеңдер ✍️
ҚАЙРАҚ
Жан көрінді (кеше аттан құлағам)
Аяқ... шыдап көрші енді.
Ақырды әкем: «Тый жасыңды, жылама,
Көтер, кәне, еңсеңді!
Тізгінге ие бола алмайды шіріктер,
Қарық қылар өзге не?
Көздің жасын көрсетпейді жігіттер,
Өй, әкеңнің... ез неме».
Жаулығының ұшын тістеп кемсеңдеп,
Шешем жүзін жасырды.
«Көзім жасын көрсетпеймін өлсем де!» —
деп көтердім басымды.
Кім шыдайды айтқан сөзге астарлап,
Сілкіп тастап күдігімнің көрпесін.
Аяғымды мықтап таңып ақсаңдап,
Атқа міндім ертесін.
... Палуан — өмір жықты тағы шалқамнан,
Қазақтығым азап күн боп жолығып.
Қаным шығып ерім батқан арқамнан,
Құлазыдым дүниеден торығып.
Сірә, менің жолым болмас.
Алысқан
шаршатты көп белсенді.
... Әкем даусы естіледі алыстан:
«Көтер, кәне, еңсеңді!»
Қапелімде тоқ ұрғандай селк еттім,
Тосын қуат құйылғандай қаныма.
Күрес қана жалғыз бағы еркектің,
Атқа қону керек шығар тағы да!..
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter