Өлеңдер ✍️
АУЫЛҒА ХАТ
Ай, Күнге ұлын балаған,
Арманы биік, еңселі,
Жанымның нұры — жан анам,
Сағынып жүрмін, мен сені!
Шалыңның жүзін жібітіп,
Бар істі жайғап ақылмен.
Күндердің көзін жылытып,
Аналық махаббатыңмен.
Ұл жайлы сөзді тірілткен,
Танытып елге оң қабақ.
«Кеп қалар», деген үмітпен,
Жүрсің бе күнде жол қарап?
Шақырып алдан сан арман,
Алыстап кеткен құсың ем.
Өмір боп сенен жаралғам,
Өмірді жалғау үшін мен.
Бесігін Ардың тербедің,
Сананың көзін жарық қып.
Жұтаңдау, жарлы дүниені,
Қанағатыңмен қарық қып.
Талайсыз мұңға бағынбай,
Жылдарға жазған әз үнін.
Мейірімнің жылғаларындай,
Маңдайыңдағы әжімің.
Киесі қолдап даланың,
Жер басып жүрсе өлеңім.
Жаныңның нұрлы жамалын,
Жыр қылып өтсем деп едім.
Сол арман жанға от берер,
Темірқазық қып алғам шын.
Мұратқа мені жеткерер,
Жолдарда барлық сен барсың.
ІІ
Апа, атқа мінгелі өмір атты,
Қанша алдымнан сен болып таңым атты.
Міне, тағы өзіңді еске салды,
Кезбе бұлттар бетке алған Қоңыратты.
Пейіліңмен ағайын үлгі етер шын,
Әлі талай жанымды гүлдетерсің.
Жадың менен сондағы құмда қалған
Бал күнімді жетектеп жүр ме екенсің.
Абысынның ауылдық мәнге айналып
кетер сөзін тыңдарда таңдай қағып.
«Қаныңды ішіп» жүр ме екен, қарғыс атқыр
Қара сиыр өрістен келмей қалып.
Жатса-дағы көктем мен күз алмасып,
Күн күлетін кеудеңнен жүз арна ашып,
— Немереме бұйырғыр, — деп жүрсің бе,
Қарсы алдыңнан қозы-лақ, бұзау қашып.
— Туған жерге орнықпай, жамбас тіреп,
Бұлар қайда, бәтір-ау, бармақшы, — деп,
Күдер үзіп біттің бе әлде бізден,
«Отыз ұлдан осырақ шал жақсы», — деп.
Қысқа күнде мынаны, ананы айтып,
— Күнін көріп жүр, — деп — бұл бала қайтіп?
Уайымдамай, қуанғын жаңбыр жауса,
Ақша бұлттан жібердім сәлем айтып.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter