Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
03.09.2022
226
Біздің ауыл сұрасаң, Қоңыратта
Біздің ауыл сұрасаң, Қоңыратта,
Өліп-өшіп қайтейін, сені мақтап.
Бар сырым тұр көзімде.
Сенбейсің бе?
Саған деген бәрібір көңіл аппақ.
Жансусарым,
жарығым,
маңдайлы әнім,
Сен деп жидым сөзімнің балқаймағын.
Көз алдымнан сылаңдап күнде өтесің,
Маған бұйырғаны тек таңдай қағу.
Жамалыңнан жап-жарық нұр еседі,
(Шыдамсыздың тағатын түгеседі).
Күн-көзіңнен бір ұшқын жалт еткенде,
Жүрегімде әп-сәтте гүл өседі.
Түрің жоқ қой, құрбыңның халін білер,
Сорым күлер немесе бағым күлер.
Қос ішегін домбыра-жүрегімнің,
Кірпігіңмен, қалқатай, қағып жібер.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter