03.09.2022
  244


Автор: Бауыржан Бабажанұлы

ТӨЛЕГЕН АЙБЕРГЕНОВКЕ

І. АТТАНАРДА
Бауырынан жаратып Өлең-Керді
Ықыласына ел-жұрттың бөленген-ді.
Жібек-Жырдың дабысын естігесін
Ақ Жайыққа асығыс жөнелді енді.
Ақбозға ер салғанда жылып өңі,
Бір сайтан, Тәңір атқыр, күліп еді...
Жанына еретін дос таппағасын
Елінен бұ да жалғыз шығып еді.
Тәңір тегін жаратпас есті де өр ғып
Мінеки, Жібегі бар көшті көрдік...
— Апыр-ай, бұл қай ер?! — деп жалт қарасты,
Дүбірін ақ боз аттың естіген жұрт.
Жалған-ай, екі айналып келмес, түге,
Адымын сөз... кесті ме, көз... кесті ме?
Түбінде Қособаның бұ да қалды
Тағдыры Бекежан боп кездесті де...
Содан соң атқа мінген мен бір ермін,
Дүние, жанарыңда мөлдірермін.
...Жесірін іздеп шыққан Сансызбай ем,
Жеңге-өлең, сені ырқыма көндірермін.
ІІ. НАЙЗАҒАЙ
Ата-ана жүрегінде жарылыс мың,
Жасаған
Жалғыз ұлы ең ... Сағыныштың.
Уызына жарыдың Мейірімнің,
Алапат Жыр мұхитын қанып іштің.
Толғанда запыранға кеуделері,
Жыр деген — шал-кемпірдің «ермегі» еді.
...Қолтығыңнан демеді Жақсылық-жыр,
Құдайберген, Құтбайдың1 термелері.
Құшақ жайып қарсы алып, кеңгір белдер,
Көз төңкеріп қарады мөлдір көлдер...
Дауыл тұрып,
Бұлт көшіп,
Жасын ойнап,
Дүбірге айналды ылғи сен жүрген жер.
Бітіміне сүйсініп хас береннің,
— Ай, мынау, соқпағы екен басқа өлеңнің, —
деп мәз боп қарт Алатау еміреніп,
Тасы да жырға айналды Қаскелеңнің.
Семейде жырың қанат жайып қалды...
Түркістан кеудеңдегі байытты әнді.
1. Қарақалпақстан, Өзбекстандағы қазақ жыраулары.
Мұнаралар аспанға жырыңды оқып,
Қолын бұлғап ақ ерке Жайық қалды.
Күркіреп бере қоймай жол шораға,
Ұстап ап, өлең оқып, көрші ағаға.
Өттің сен...
Іште кеткен жырларыңды,
Тыңдайды бұл күндері Сорша2 ғана...
...Жазу ғой (Алла жазса, қатал деме),
Бұйрықпен су түбіне батар кеме...
Жұлдыздарды жамылып қала бардың,
Кіндігің қаны тамған... жат өлкеде.
Кездерде аспанын бұлт-наза құшқан,
Естілердей етене саз алыстан.
Наурыздағы найзағай күркіресе,
Елеңдеп, сені іздейді Қазақстан.
Сен болып құйып өтсе, ақ жаңбырлар,
Дүркіреп, гүлге толар тоғжан-қырлар.
Жүректерге от берер,
өзің, аға
Найзағайды қалам ғып жазған жырлар.
Құйрықты жұлдыз болып түстің де ағып,
Талайдың кеудесіне ұшқын дарып...
Жарқ ете қалған сенде арман бар ма?
Өткендер қанша бізде бықсып жанып...
2. Төлеген аға жатқан қорым
ІІІ. ТӨЛЕГЕННІҢ АУЫЛЫ
«Бас зеңіді, — деймісің — денем ауыр...»,
Бір серпіліп қайтпаймыз, неге, бауыр?!
Анау қырдың астында бір ауыл бар,
«Төлегеннің ауылы» — деген ауыл.
Бұл ауыл — жеткен ауыл Хаққа өлеңі,
Үйіне кісі келсе, Бақ көреді.
«Қыз қуатын жігітке ат береді,
Жанам деген жүрекке от береді».
Қиял қосар ауыл бұл, қиялыңа,
Пайдаң болып шығады зияны да.
(Неге сонша қарайсың жан-жағыңа,
Бұл ауылда кіл жастар тұрады, иә...)
Ауылдың патшасы — Жыр, басқасы — құл,
Көктегі Нұр суарар бақшасы — гүл.
Ақан келсе, жайылып жастық болар,
Батырашты қондырмас қастасы — бұл.
Беретұғын жастықтың базарына әр,
Ән-күйі бар, өлең-жыр, ғазалы бар.
Бірін-бірі аяқтан тартатұғын,
Үлкендердің «дертінен» таза бұлар.
Жігіті бұл ауылдың — дөненшығар,
«Қонақкәде» — деп сізден өлең сұрар.
Қой асығы...» — деп оны қомсынбаңыз,
Мүмкін, ол — әлдеқайда терең шығар...
Қыздары бұл ауылдың — ай маңдайлы,
Жыр тыңдамай көңілі жайланбайды.
Ұрдажық, көкірегінің сәулесі жоқ,
Жігіттің қазығына байланбайды.
Жағасында ду болар айнамкөлдің,
Мінезі де көрінер «майданда» ердің...
— Ай, мынауың қайтеді... — деп қалдың-ау,
...Тентегі жоқ ауылды қайдан көрдің?
Ай туды. Сен де ақсүйек лақтырғайсың,
— Қайтайық, — десем, тіпті, жақтырмайсың.
...Жүрегің сәл қарайып баратқанда,
Аулына Төлегеннің кеп тұрғайсың.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу