Өлеңдер ✍️

  03.09.2022
  122


Автор: Бауыржан Бабажанұлы

ӨҢ МЕН ТҮСТІҢ АРАСЫ

Тым ерте тарқады ма базар біздің,
Есітіп, естен тандым қазаңды, ізгім.
Мен деген мың жігіттің арасынан,
Таңдауы саған түсті-ау Ажал-Қыздың...
Сүю-күю...
Арпалыс...
Жиі «аттандау...»
Өмір деген — өзіңді сияқты алдау.
Қамал бұзар қырықтан енді асқанда,
Сенің өліп қалғаның ұят болды-ау.
Білем, білем, «Бұл өмір — сынақ қана»,
Тым ерте аттандың-ау, бірақ, бала.
Ақсиып, ылғи күліп жүруші едің,
Жайраңдап жүр ме екенсің жұмақта да?!
Сәл қуанып, көңілім көктегенде,
Бір нәрсеге қолым не жетпегенде,
Іздеймін де...
Біртүрлі сене алмаймын,
Сені мына өмірде жоқ дегенге.
Зіл қара тас кеудемді жаншығандай,
Қысыламын кей сәтте жан шығардай.
...Әйнегінен пойыздың қарай берем,
Қарсы алдымнан күлімдеп сен шығардай.
Әй, бірақ, жазудан кім құтылар-ды,
Рас шығып тағдырдың үкімі әлгі,
Оралдың вокзалынан, міне, тағы,
Сен емес, інілерің күтіп алды...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу