Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
03.09.2022
119
![](/uploads/shorttexts/author_image/atm2437-450x330.jpg)
ҚОЛ БҰЛҒАР
Жастық-ай, қол бұлғаған ажарлымсың,
Мәңгі есте сақталатын ғажап жырсың.
Қасыңнан салдыр-күлдір өте шықтым,
Қалған жол құнын Өмір-базар білсін...
Алаулаған аруға жырың да ұнай,
Тәп-тәуір көрінгенмен түрің былай...
Көрінген дуға кіріп кете алмайсың,
Делебең қозғанымен бұрынғыдай.
Биыл әбес көрініп былтырғы арман,
Барымташы жылдар-ай жылқымды алған...
Дәл қазір жетіп барсам, танымайды-ау,
Анау маң, риясыз күлкім қалған.
Шоқ боп жатқан қызық пен шыжықты үрлер,
Сыпырылып саусақтан жүзік-түндер.
Арқандалған тұлпардың бас жібіндей,
Қысқарып бара жатыр қызық күндер.
Тәуіп кеп емдегендей жараны ұзақ,
Не шабытсыз шайырдай қаламы — жат...
Қалқатайдың аулынан шыққан жандай,
Артыма қарай-қарай барам ұзап...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter