Өлеңдер ✍️
АЛЬБОМДАҒЫ ӨЛЕҢДЕР
Бір өлең жаздым, атылған оқтай,
Әділжанға ұқсар, мысалы.
Бір өлеңім бар, Батырболаттай,
Тым адал һәм кең құшағы.
Бекжанға ұқсар мына бір өлең,
Көш бастайтұғын көсемдей.
Мына бір жырды Тұрарым дер ем,
Кенеттен құйған нөсердей.
Ана бір өлең ақтарып сырды,
Қыдырбек құсап шарқ ұрар.
Ал мынау ғазал Ботпанов сынды,
Күн батқан шақта жарқырар.
Өлеңім менің, қайран талабым,
Қамаштай жұртқа қадірлі.
Мынандай жырды қайдан табамын,
Тарбаев сынды сабырлы.
Әлжан боп күліп тұрады бір жыр,
Бақыттай қамсыз біреуі.
Ал мынау өлең — Мұраты құрғыр,
Жұрт үшін күйіп жүреді.
Айтуға ұлтың, ғұр(ы)пың жайлы,
Базарбек-өлең дайынсыз.
Ержан боп бір жыр ірі турайды,
Қалдыбай-өлең уайымсыз.
Пысық-ақ, басқа не дейік мұны,
Кенжедей бір жыр тым өткір,
Ал мынау өлең, көбейіп мұңы,
Біржанға ұқсап жүдеп тұр.
Ғылымның жүгін жиысты бір жыр,
Ізетпен Нұрлан - аңғалдай.
Қиыннан қиыстырылды бір жыр,
Әңгіме тапқыш Ерболдай.
...Қамшысын сілтеп күркіреген көк,
Ілестік неше керуенге.
Ай, жігіттер-ай, бір-бір өлең боп,
Жүрсіңдер менің кеудемде.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter