Өлеңдер ✍️

  03.09.2022
  195


Автор: Бауыржан Бабажанұлы

ЖАНАЙҚАЙ

Заман қиын.
Жұрт жүдеу.
Жоғарыға бір қарап,
Бір жақсылық күтумен күн кешуде ел ілдәлап.
Сол жақсылық әлі де кешігетін сыңайда,
Ашынғасын жұрт байғұс тіл тигізер құдайға.
Көсемсініп, көбейді айтатындар елге ақыл,
Бірақ, бірақ соларды түсінбеймін мен пақыр.
Оған себеп, көмейде сұрағым бар іркілген:
— Түк бітірмей халыққа ақыл айту мүмкін бе?
Қара сөздің қаймағын сүзіп алған ел тегі,
«Қойшысы көп қой-дағы арам өлер», — деуші еді.
Сол секілді (бұл сөзім туғызар ма өте дау):
Данышпаны көп елдің соры қалың екен-ау...
Көп аң-құстан жырақтап, шыңға кеткен барыстай,
Жұрттан алыс күн кешкен көп білгіштен қалыспай,
Мен де бір сөз айтайын (е, қашанғы күтем мен) :
Құрғақ сөз бен уәдеден құлағы әбден бітелген.
Есіңді жи, қазағым, сатылмаған қалды нең?
Сату оңай, «айнаға бір қарап ал, алдымен».
Енді ЖЕРДІ саудалап, үкімді өзің кесесің,
Баладайын базарға алып шыққан ШЕШЕСІН.
Анаңды да сатқасын саған пікір өзгерер,
Жетім елді көзге әсте ілуші ме ед өзгелер,
Осыны өзің ұқпасаң, хақ нұрына жарығыр,
Мансапқұмар анау көп шуылдаққа бәрібір.
Кел, ендеше, кеңесіп, төсеп бірге сорға иық,
Ата-баба қалдырған АМАНАТТЫ қорғайық.
Сөйтер, сірә, білген ел ОБАЛ менен САУАПТЫ,
АНАСЫ үшін әр пенде АЛЛА алдында жауапты.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу